Соңғы төрт жылда Қазақстанда ішкі газ тұтыну 4,8 миллиард текше метрге өскен
Энергетика министрі Болат Ақшолақов тау-кен және балқыту кәсіпорындары белсенді түрде көмірден газға көшетін болса Қазақстан 2025 жылға қарай газ тапшылығына ұшырауы мүмкін екенін айтты.
Министрдің дерегінше, 2017-2021 жылдар аралығында Қазақстанда ішкі газ тұтыну 4,8 миллиард текше метрге, 13,8-ден 18,6 миллиард текше метрге дейін өскен. Газ тұтынудың орташа жылдық өсімі шамамен жеті пайыз.
«Қазақстанда 2025 жылға қарай газ тапшылығы болуы мүмкін. Егер тау-кен металлургия кәсіпорындары көмірден газға белсенді көшетін болса, онда тапшылық көлемі де ұлғаяды. Осы жағдайларда елдің ресурстық базасын толықтыру туралы мәселе туындайды, ол үшін газды барлау, өндіру және қайта өңдеу сияқты барлық кезеңдерде газ жобалары үшін преференциялар қажет», - деді Ақшолақов.
Министр 2021 жылдың қорытындысы бойынша шикі газ өндіру 53,8 миллиард текше метрге жеткенін айтты. Оның ішінде үш ірі жобаның үлесіне газ өндірудің 81 пайызы тиесілі.
«2030 жылға қарай болжамдық деректерге сәйкес шикі газ өндіру 87,1 миллиард текше метрді құрайды, оның ішінде үш ірі жобаның өндіру үлесі 83 пайыз. Сонымен қатар, өндірілген 87,1 миллиард текше метр газдың тек 42 миллиард текше метрі тауарлық газға қайта өңделетін болады. Қалған газ қайтадан қабатқа айдалады (47%) және өз мұқтаждарына пайдаланылады (15%). Қазіргі уақытта біз газ айдаудың үлкен көлемінің орындылығын қайта қараумен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтқанда, Қарашығанақ жобасы бойынша өндірілетін газдың 19 миллиард текше метрінің жартысына жуығы қайтадан қабатқа айдалады», - деді ведомство басшысы.