×

QazaqGaz 587 млрд теңге шығынға батқан – Ерік Сұлтанов

Сенатор ұлттық компанияның еншілес ұйымдарының да функциясын қайта қарауды ұсынды

 Ербол Тұрымбет 25.04.2022 | 17:12
көрнекі фото: 2021 жылы ҚазТрансГаз ребрендинг жасап, атауын өзгертті

Сенат депутаты Ерік Сұлтанов QazaqGaz ұлттық компаниясы қызметінің ашықтығы мен тиімділігіне қатысты күмән көптігін айтты. Соңғы жеті жылда компанияның шығындары 587 млрд теңгені құрады.

Сенатор компанияның шығынға бату себебін тек тарифтің төмендігінен емес, қазіргі басқару үлгісінің тиімсіздігімен байланыстырды. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүргізілген QazaqGaz-ға қатысты аудит нәтижесін ескере отырып, газ нарығын басқарудың әлдеқайда тиімді үлгісін құру жөнінде шара қабылдау керектігін айтты. 

Ерік Сұлтанов QazaqGaz және онымен бірге «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ сияқты күдікке толы еншілес ұйымдарының да функциясын қайта қарауды ұсынып отыр.

«Бәсекелестікті қорғау мен дамыту агенттігінің мәліметінше, QazaqGaz» сататын тауарлық газдың 90%-ын «ҚазТрансГазАймақ» жүзеге асырады. Ол өзге ұйымдарға бүкіл жұмыстың 70 пайызын аутсорсингке берген. Одан бөлек, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның тарату желілерін салу кезінде барлық жұмыстың 70%-ын бір компанияға берген. Ол компаниясы биыл нарықта жоғалып кеткен», - дейді депутат.

Депутаттың дерегінше, енді ол жұмыстарды «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның өзі істеп жатыр екен.

«Сондықтан «Qazaq Gaz» бен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-тың сатып алуларына қатысты өзге ұйымдардың барлығына тең жағдай жасалып отыр деуге келмейді. Әрі ол мәселелерді шешу бойынша ұлттық компанияның қазіргі басшылығы жедел шара қабылдап жатқанын жеткізді», - деп қосты сенатор.

Еске салайық, биыл 23 ақпанда «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының шешіміне сәйкес QazaqGaz ұлттық компаниясы АҚ директорлар кеңесінің құрамы өзгерді. Шешімге сәйкес, Әділбек Жақсыбеков, Қайрат Шәріпбаев және Мәлік Сәулебайдың өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама