Субсидия аз, индексация да жасалмайды: Қазақстанда жеміс-жидек неге жеткіліксіз?
Еліміз жеміс-жидекпен өз-өзін 8% ғана қамти алады
Еліміздің жаз айлары басталғаннан жеміс-жидектен импортқа тым тәуелді екені сезіле бастайды. Еуразиялық даму банкінің зерттеуінше, Қазақстан жеміс-жидекпен өз-өзін 38% ғана қамти алады. Ал қантпен қамтылу көрсеткіші 8% ғана. Бұл салада территориямыздың климаттық ерекшелігін айтпағанда, шаруаларды қолдауға мемлекеттік субсидия жеткілікті ме?
Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Ақбар Мәуленовтің айтуынша, қаншалықты тәуелді екенімізден бұрын, жеміс болсын, көкөніс болсын, статистиканың өзін дұрыстап қарау керек. Өйткені күмән көп. Мысалы, картоптан жылына статистика бойынша 4 млн тонна жинаймыз. Оның 2,5 млн тоннасын өзіміз жесек, 1,5 млн тоннасы қалды деген сөз. Оны сатуымыз керек. Ал жылдық маусым біткен кезде сол картобымыз өзімізге жетпей жатады. Яғни, 4 млн тонна деген өтірік цифр деген сөз.
Жиналатын картоптың басым бөлігі – 60-70%-ы бізде жеке шаруашылықтарда. Олар статистикалық мәлімет бермейді. Яғни, олар осынша сотық бақша бар, одан осында картоп жинайды деп жалпылама шығарады. Сөйтіп, 4 млн тонна деген статистиканы қалыптастырады. Сондықтан статистикалық есептеу жағын қайта қарау керек, – дейді ол.
Ақбар Мәуленов бұл тек картоп қана емес, барлық өнімге қатысты екенін айтады.
Жалпы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елде көкөніс өнімдерінен аса тапшылық жоқ. Мәселе тек жеміс-жидекте. Себебі сырттан импортталады. Өйткені, сарапшының сөзінше, өз мүмкіндігіміз жетпейді. Содан соң, көкөніс пен жеміс-жидек маусымдық азық. Ескі өнім мен жаңа өнім арасында 2-3 ай тапшылық болғанда, баға да қымбаттайды.
Енді осыны шешу үшін қоймаларды көбейту керек деген мәселе көтеріліп жатыр. Әрине, қойма жетіспеушілігі бар. Бірақ жалғыз қойманың есебінен бағаны ұстап тұру, болмаса өз-өзімізді толық қамтамасыз ету деген қате түсінік. Өйткені қоймада сақтасақ, сол картоп, сәбіз, қызылша, пияз, қырыққабатты ғана ұстай аламыз. Қырыққабаттың өзі көп тұрмайды. Ал қияр мен қызанақ қоймада сақтауға келмейді. Сондықтан бұл жерде сұранысты қамтамасыз ету үшін біріншіден өндіріске, сосын өнімді өткізуге жағдай жасау керек, – дейді маман.
Осы тұрғыда мемлекеттік субсидия көлемінің аздығы да аяқтан тартып тұрғанын айтады. Мәселен, соңғы 5 жылда 2 трлн теңге бөлінген. Әжептәуір қаражат көрінгенімен, жылына бөлінетін 400, биыл 440 млрд теңге. Бұл көрші мемлекеттермен, әсіресе ЕАЭО елдерімен салыстырғанда өте төмен. Ол елдердегі мемлекеттік жәрдем көлемі ЖІӨ-нің 10-12%-ын құрайды.
Біздегі жалпы ауыл шаруашылығы саласындағы түсім көлемі 9,3 трлн теңге. Енді соның Ресейдегідей 10%-ын алсақ, 930 млрд теңге болады. Біз соны 700-800 млрд-қа жеткізсек, соның өзі үлкен көмек болар еді. Сол көмек жетіспегендіктен шаруа пайдасын бағаны жоғары ұстап қана алады, – дейді Ақбар Қазалыұлы.
Өйткені соңғы жылдары бүкіл өндіріс құралы – техника, қосалқы бөлшек, тыңайтқыш, гербицид, тұқым, жанармай – бәрінің бағасы екі есе өскен.
Бір қызығы, ауыл шаруашылығы саласы бойынша қанша субсидия бөлінетінін Ауыл шаруашылығы емес, Ұлттық экономика министрлігі есептейді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі берген мәлімет бойынша, биылдан бастап барлық субсидия жалпы сипаттағы трансферттермен жергілікті бюджеттердің базасына берілген.
2023-2025 жылдарға жалпы сипаттағы трансферттің көлемін Ұлттық экономика министрлігі есептеген. Олар шаруалардың өндіре алатын өнім мөлшері жөнінде мәлімет алып, сосын арнайы коэффиценттермен инфляция пайызы да қамтылатыны айтылады. Алайда оның нақ қалай есептелетіні беймәлім. Өйткені, қауымдастық өкілінің сөзінше, индексация мәселесі әлі күнге есептелмей келеді.