ҚТЖ мен Rhenus SE неміс компаниясы меморандумға қол қойды

Динара Амантай

Тараптар жүк айналымын арттыру бойынша бірлескен жұмыстар жүргізуге ниетті

Фото: Halyq Uni

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және Rhenus SE неміс компаниясы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен жүк айналымын арттыру бойынша бірлескен жұмыстар жүргізуге ниетті. Құжатта логистикалық орталықтарды дамыту, Ақтау және Құрық порттарындағы терминал қуатын арттыру саласындағы өзара іс-қимыл қарастырылады.

Немістер тарабы Ақтау порты базасында контейнерлік хабті жобалау барысында техникалық және консультативтік қолдау көрсетеді. Меморандум ТХКБ мүмкіндіктерін кеңейтуге қосымша серпін беріп, Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға ықпал етеді.

Анықтама үшін, Rhenus қоймалық қызмет көрсету, кедендік ресімдеу, кешенді логистикалық қызметтер көрсету бойынша жетекші еуропалық компаниялардың бірі болып табылады. Компания Орталық Азия елдерінде 30 жылдан астам уақыт бойына жұмыс істеп келеді.