«Байларды қанағатқа шақыратын уақыт келді»: депутат көмір бағасы мәселесін көтерді

Дәурен Ерболат

Аманжол Әлтай Ұлытау халқының қолы Шұбаркөл көміріне жетпей отырғанын айтты

Фото: informburo.kz

Ұлытауда көмір бағасы 10 пайызға артты. Бұл туралы Индустриялық даму комитетінің төрағасы Азамат Панбаев Мәжілістегі Үкімет сағатында мәлімдеді, хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Аманжол Әлтай Қазақстанның мұнай мен көмірдің отаны екенін, алайда халыққа қыс түскенде көмір жетпейтінін айтты.

«Қылышын сүйретіп қыс келгенде көмір жетіспейді. Сондықтан осы жердің көміріне құнығып, елдің өміріне көңіл бөлмейтін байларды «әй» деп әділдікке, «қой» деп қанағатқа шақыратын уақыт келді. Былтыр көмір жетпей, фермерлер қаншама шығынға ұшырады. Шұбаркөл көмір бассейні бір жылдың ішінде 11 млн тонна көмір өндіреді. Соның 5%-ы ғана ауыл халқына жеткілікті болар еді. Өкінішке қарай, олай болмай отыр. Көмір Александр Машкевичтің (миллиардер, ERG директорлар кеңесінің төрағасы) жеті атасынан қалған байлығы емес. Көмір – халықтың қазынасы. Осы көмірді тапшы қылудың себебі неде?», - деді депутат Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Аманжол Әлтайдың айтуынша, көмірдің экологиялық зардабын шегіп, бейнетін көріп отырған Ұлытау халқының қолы Шұбаркөл көміріне жетпей отыр.

Жаңаарқаның тентек баласы тасты қатты лақтырса, Шұбаркөлдің шахтасына жетеді. Көмір тасымалы алыс емес. Солай бола тұрса, көмірдің тоннасының бағасы 16 мыңнан 20 мыңға теңгеге дейін жетеді. Министрлік өкілдері! Осы көмір бағасын төмендетуге және көмірді халыққа жеткілікті қылуға қолдарыңыздан не келеді? Не істей аласыздар? Қандай дәрмендеріңіз бар?, - деді ол.

Депутаттың сұрағына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитетінің төрағасы Азамат Панбаев жауап берді.

Елімізде өндірілетін көмірдің көлемі халықты толық қамтамасыз етуге жетеді. Бес айда 45 млн тонна көмір өндірілді. Жылыжай иелерінің негізгі талабы – Шұбаркөл көмірін жеткізу. Біз бұл мәселені білеміз. Олармен бірнеше рет жиналыс өткізіп, ведомствоаралық комиссия отырысына шығардық. Шұбаркөл разрезі көмір беруден бас тартып отырған жоқ. Олар алдын ала келісімшарт жасасақ, дайынбыз деп отыр. Қазір жылыжайлармен сөйлесіп жатырмыз. Биыл қазанға дейін келісімшарт жасаса, 1 қаңтардан бастап Шұбаркөлдің көмірімен толық қамтамасыз етуге дайын, - деді Азамат Панбаев.

Айтуынша, Ұлытауда көмір бағасы 17 500 теңгеден басталады. Баға 10%-ға артты. Оған дизель отыны мен «ҚТЖ» АҚ тарифінің артуы себеп болған. Комитет төрағасы бұл мәселені реттеуге тырысатындарын жеткізді.