Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда қант тапшылығы тағы қайталана ма – министр жауабы

Министр ішкі нарықты қантпен толық қамтамасыз ету үшін нендей жұмыстар атқарылып жатқанын айтты

 Дәурен Ерболат 19.06.2023 | 11:27
Қазақстанда қант тапшылығы тағы қайталана ма – министр жауабы
фото: Алматы облысындағы қант зауыты

Қазақстанда қант қызылшасын өсіретін фермерлерге техника сатып алуға көмек көрсету мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазақстанда азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі тағы бір маңызды міндет – қант өндірісін дамыту.

Қант қызылшасының орташа жалпы өнімі 5 жылда (2017-2021 жылы) 450 мың тонна болды, орташа өнімділігі – 300 ц/га. Басқа өзін-өзі қамтамасыз ететін мемлекеттерде өнімділік – 440-480 ц/га (Ресейде – 437 ц/га, Беларусьте – 485 ц/га, Украинада – 445 ц/га).

Қант қызылшасы алаңдарын ұлғайтудың негізгі проблемалары жоғары шығындар мен өндірістің төмен рентабельділігі, сондай-ақ ылғалмен қамтамасыз ету проблемалары болып саналады, - деді министр Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, президенттің тапсырмасына сәйкес жаңа инновациялық зауыт салуды көздейтін 2026 жылға дейін қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп бекітілген.

«Орта мерзімді перспективада жергілікті қант қызылшасынан қанттың ішкі қажеттілігін 43%-ға қамтамасыз ету үшін егіс алаңы оңтүстік өңірлерде 2026 жылға қарай 38 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Қант қызылшасының жалпы түсімін ұлғайтып, отандық шикізаттан қант өндіру 250 мың тоннаға дейін ұлғайтылады, сондай-ақ ақ қант импортының үлесі 58%-дан 17%-ға дейін төмендетіледі», - деді Қарашөкеев.

Сондай-ақ фермерлерді қолдау және фермерлер үшін оны өндірудің рентабельділігін арттыру үшін биыл қант қызылшасын сатып алу бағасы, сондай-ақ субсидия мөлшері ұлғайтылған: қант зауыттары тоннасына 15 мың теңге, ал мемлекет 25 мың теңге субсидия төлейді.

Сонымен қатар шаруаларға арнайы техника сатып алуға көмек көрсетіледі.

Мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру жөніндегі жұмыс шеңберінде қызылша жинайтын комбайндарды, сепкіштер мен сабақкескіштерді сатып алуға өтемақы нормативін 50%-ға дейін арттыру мәселесі пысықталып жатыр.

Жоғарыда аталған шаралар қант қызылшасын өсірудің рентабельділігін арттыруға мүмкіндік береді, сол арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ынталандырады.

Мысалы, биыл қант қызылшасы егілетін жерлер 7,4 мың гектарға ұлғайтылып, 19,0 мың гектарға (2022 жылы – 11,6 мың гектар) жеткізілді, бұл кешенді жоспардағы көрсеткіштен 2,2 мың гектарға көп, - деді министр.

Оның айтуынша, жыл басында жергілікті бюджеттерде қант қызылшасын өңдеуге тапсыруды субсидиялауға 5,9 млрд теңге көзделген, бұл 328 мың тонна қант қызылшасын субсидиялауға мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар, бюджетті нақтылау кезінде осы мақсаттарға қосымша 8,2 млрд теңге бөлінді. Барлық субсидия сомасы 14,1 млрд теңгеге дейін жеткізілді, бұл 563 мың тонна қант қызылшасын субсидиялауға мүмкіндік береді. Осының есебінен ішкі нарықты отандық шикізатты қайта өңдеу есебінен қантпен қамтамасыз ету 67,6 мың тонна болады, бұл 2022 жылғы деңгейден 29,0 мың тоннаға көп», - деді ведомство басшысы.

Еске салайық, 2022 жыл азық-түліктің соңғы жылдары болмаған деңгейде қымбаттауымен есте қалды. Соның ішінде қант бағасы өсіп қана қоймай, кей уақыттары тіпті дүкен сөрелерінен жоғалып кетті. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама