Қазақстанға қарсы шешімнің күшін жоюға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр
Стати ісі бойынша Қазақстанға қарсы шешімнің күшін жоюға бағытталған жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Әділет министрлігінің мәліметінше, 2013 жылғы желтоқсанда Халықаралық сауда палатасының Стокгольм арбитражы Қазақстанға қарсы шешім шығарған. Өз кезегінде Қазақстан Республикасы бұл шешімге 2 рет шағымдануға тырысқанымен, нәтиже болмады.Сот шешімін мәжбүрлеп орындау жөніндегі науқан шеңберінде 2017 жылы Ұлттық қордың қаражатына тыйым салынған, бұл ретте Ұллтық қордың мүддесін Ұлттық банк білдіреді.
Айта кету керек, Ұлттық банк Брюссель соты арқылы Швециядағы қаражатты өндіріп алуға шектеу қойды. Ол бойынша шешім осы жылдың шілдесінде шығады деп күтіліп отыр. Биыл 16 қаңтарда Швецияның апелляциялық соты Ұлттық банкке апелляциялық өтінішхат берілген Ұлттық қордың қаражатына қатысты мәжбүрлі атқарушылық шаралардың күшін жоюдан бас тартты.
Бұған қоса биыл 14 маусымда Швецияның Жоғарғы соты Ұлттық банкті осы іске қатысты аппелияциялық шағым түсіру құқығынан айырды.
Ведомство өкілдері Қазақстан шешімнің күшін жоюға арналған жұмыстарды жалғастыратынын жеткізді.