Министр көршілес елдерде астық өнімділігі Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жоғары екенін айтты
Қазақстан көлеңкелі бидай экспортына жол бермеу үшін отандық өндірушілерге қолдау көрсетіп жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сенат депутаты Советбек Медетбаев Ауыл шаруашылығы министріне өзекті сұрақ қойды.
«Соңғы бірнеше жылда қазақстандық астық пен ұн нарығы Ресей бидайының заңсыз әкелуінен зардап шегіп отыр. Бұл агробизнес субъектілерінің проблемасы ғана емес, Қазақстан экономикасына да қауіп төндіреді. Астық одағының бағалауы бойынша көлеңкелі импорт – 2 млн тонна, ал ресми импорт – 26 мың тонна...
Қазір Ресейден астықты көлікпен тасымалдауға шектеу қойылды. Сарапшылардың мәліметінше, әкелінген бидай қосымша салық төлемей, Қазақстанның шаруа қожалықтарына және жасырын реэкспорт түрінде транзинт тарифін төлемей рәсімделіп, Орталық Азия елдері мен Ауғанстаға жіберіледі. Мұндай жағдай бюджетке міндетті салық аударымдарының түспеуіне, Қазақстанға валюталық түсімнің төмендеуіне алып келді. Өйткені, «сұр» астықтың құны нарықтағы бағасынан 5-10% төмен.
Шектеуді алып тастасаңыздар, астықты бақылаусыз әкелуді болдырмас үшін қандай шаралар қабылдайсыздар», - деді сенатор Ербол Қарашөкеевке.
Ведомство басшысы көршілес елдерде астық өнімділігі Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жоғары екенін атап өтті.
Мысалы, Ресейдің оңтүстік өңірлерінде (астықтың) өнімділігі гектарына 40-50 центнерге барады. Негізі, біз бәсекелестік тәуекелі жоғары екенін көріп отырмыз. Сіз айтқандай, осы жылдың басында біз Қазақстан ішінде бидайды көлікпен тасымалдауға тыйым салдық. Бидай бағасының түсуі тек Қазақстанға байланысты емес. Бұл әлемдегі дағдарыс пен геосаясатқа байланысты. Сондықтан осы ахуалды ескеріп әрі қарай жұмыс істеу керек, - деді министр.
Ербол Қарашөкеев шаруаларға мемлекеттен қолдау көрсетіліп жатқанын, Иран мен Қытайға миллиондаған тонна бидай экспортталатынын атап өтті. Оның пікірінше, бұл «сұр» экспортмен күресуге септігін тигізеді.
«Қытай нарығын да аштық. ҚХР-ға млн тоннадай бидай шығарамыз деп ойлап отырмыз. Бәсекелестік орта болған соң біз мүмкіндігінше өз нарығымызды қорғауға тырысамыз. Бірақ біз Одақ (Еуразиялық экономикалық одақ – авт.) ішінде болған соң басқа баж салығын сала алмаймыз, басқа да қорғау құралдарын қолдана алмаймыз. Сондықтан біз заңды түрде бар құралдарды қолданып, «сұр» экспортқа да жол бермей, отандық бидай өндірушілерге көмек көрсетеміз», - деді министр.