Жеңілдетілген микронесие алуға 3,1 мыңнан аса өтінім түсті
Mал шаруашылығы саласына қатысты кредит алушылар көп
Биылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға кәсіпкерлік бастамаларды іске асыру үшін жастарға берілетін жылдық 2,5%-бен жеңілдетілген микрокредиттер алуға 3,1 мыңнан астам өтінім түсті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл барлығы 5 мың 796 микрокредит беру жоспарланып отыр. Микрокредиттің мөлшері 5 млн теңгеге дейін, ал қатысудың ең ұзақ мерзімі – 5 жылға дейін (кез келген мақсатқа) немесе 7 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін). Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды.
Микрокредит алуға өтінімдердің ең көбі Жамбыл (512), Түркістан (384), Қызылорда (305), Батыс Қазақстан (189) және Алматы (173) облыстарынан түсті.
Конкурстық комиссиялардың шешімімен 1 мың 247 жоба мақұлданды. Оның ішінде 507 жобаны іске асыруға кредит берілді. Кредит алушылардың басым көпшілігі мал шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда, өсімдік шаруашылығы және жеңіл өнеркәсіп саласын қамтыды.
Сондай-ақ, микрокредит 21 жастан 35 жасқа дейінгі жастарға өз кәсібін ашуға немесе оны кеңейтуге, 5 жылдан аспайтын мерзіммен жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жағдайда беріледі. Бұл ретте қатысушылардың «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ-ға өтініммен жүгінген уақыттағы жасы ескеріледі.
Микрокредит алушылар үшін негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең беріледі, ол микрокредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды.
Кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті шарт болып табылады. Ол ретінде жылжымалы (мамандандырылған техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Кепілмен қамтамасыз ету болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) тартуға болады.
Өтінім беру үшін құжаттар пакетін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалына тапсыру қажет.
Қажетті құжаттар тізімі:
- жеке басын куәландыратын құжат;
- жоба бойынша бизнес-жоспар;
- шоттың болуы туралы қызмет көрсететін банктен анықтама;
- кредиттік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болған кезде);
- қатысушының/үміткердің жалақысын және (немесе) өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме) болған кезде;
- кепілді қамтамасыз ету ретінде берілетін мүлікті бағалау туралы есеп;
- кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.
Қазір микрокредиттер алуға өтінімдер барлық облыстармен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қабылданып жатыр.