Қазақстан Mitsubishi Corporation-мен инвестиция тарту мәселесін талқылады

Дәурен Ерболат

Жергілікті өндірісті қолдау мен дамыту маңызды

Фото: ldaily.ua

Қазақстанның Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Mitsubishi Corporation компаниясымен отандық машина жасау саласына инвестиция құю мәселесін талқылады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Astana Invest Forum аясында Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Азамат Бейісбеков пен «Қазақстан инжиниринг»  АҚ басқарма төрағасы Теміржан Әбдірахманов Mitsubishi Corporation өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында «Қазақстан инжиниринг» компаниялар тобы кәсіпорындарының өндірістік мүмкіндіктері ұсынылып, машина жасау саласына инвестиция салу мүмкіндіктері, өзара тиімді ынтымақтастықты іске асыру жобалары талқыланды.

Astana Invest Forum – ірі компаниялармен және қаржы институттарымен байланыс орнатуға, отандық өнімдердің саудасы мен экспорты үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған диалог алаңы.

Өзара тиімді ынтымақтастық пен көпжақты қатынастарды дамыту қос мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие. Өйткені бұл жергілікті өндірісті қолдауға және дамытуға әрі Қазақстан экономикасының дамуына елеулі үлес қосады.