Қуантыров Қазақстанның санкцияларды айналып өтетін аумақ еместігін ескертті
Жалпы, санкция салатын – сіздер, зардап шегетін – біз, - деді министр
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстан басқа елдер санкцияны айналып өтетін юрисдикция болмайтынына сендірді.
Брифингте журналистер одан Қазақстаннан Ресейге параллель импорттау туралы қауесетке шетелдік инвесторлар қалай қарайтынын сұрады.
«Егер Астана халықаралық форумына осындай ірі қатысушылар келіп жатқанын көрсеңіз, бұл оларды қорқытпайды деп ойлаймын. Біз санкцияларды айналып өтетін аумақ, юрисдикция болмайтынымызды ашық мәлімдейміз.
Иә, ірі серіктестерімізбен сауда жасаймыз, бірақ санкцияланған тауарларды емес. Олар біздің елде өнімді экспорттауға белгілі бір тыйым салынғанын және т.б. біледі. Біз санкцияға ұшыраған елдермен де, осы санкцияларды енгізгендермен де сындарлы диалог жүргізіп жатырмыз.
Бәріне айтатынымыз: «Тыңдаңыздар, біздің географиямыз сондай. Жалпы, санкция салатын – сіздер, зардап шегетін – біз», - деді министр.
Сондай-ақ ол қақтығысқа қатысушы болмағандықтан, еліміздің шығыны аз жолды таңдауы керек екенін алға тартты.
«Ең болмаса, зардап шекпейтіндей жұмыс істейік. Шығындарды азайтайық. Таза прагматикалық тұрғыдан алғанда, жанжал біздікі емес. Біз одан әрі дамуымыз керек», - деді Әлібек Қуантыров.