Шетелдік инвесторлардың назарына еліміздің 8 стартап жобасы ұсынылды

Дәурен Ерболат

Олар әртүрлі саладағы мәселені шешуге бағытталған

Фото: Astana Hub

Астанада 8 стартап шетелдік инвесторлардың назарына ұсынылды, деп хабарлады Astana Hub баспасөз қызметі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен шетелдік инвесторлар кеңесінің (ШИК) 35-пленарлық отырысы аясында Astana Hub халықаралық технопаркінің қатысушылары өздерінің IT-жобаларын таныстырды.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин цифрлық хаб ретінде Қазақстанға деген қызығушылық күн сайын артып келе жатқанын атап өтті.

 Бірнеше жылдан бері халықаралық нарыққа шыққан қазақстандық стартаптар бәсекелестік ортада қарқынды дамып жатыр. Бүгін инвесторлардың назарына ұсынылған ІТ-компаниялардың да экспорттық әлеуеті жоғары, - деді ведомство басшысы.

 Іс-шарада қазақстандық IT-компаниялар мен мемлекеттік органдардың 49 инновациялық шешімі ұсынылды.

Astana Hub 8 ІТ-стартапты ұсынды. Олар – жасанды интеллект, EdTech, киберқауіпсіздік, бизнес процестерді оңтайландыру/автоматтандыру саласындағы келешегі зор жобалар және кейбіреуі халықаралық нарыққа шығып үлгерді, - деді Astana Hub басқарушы директоры Алина Әбдірахманова.

Neuron Oil стартабының негізін қалаушы Асылан Жұмағалиев өз жобасын таныстырды.

«Стартап мұнай кен орындарын игеру бойынша веб-симулятор мұнай барлау коэффициентін тиімді басқаруға және ұлғайтуға, кен орнын игеру шығындарын 40%-ға дейін қысқартып, күнделікті өндіруді 70%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Мақсатымыз – саланы түсінетін smart-инвесторлар табу және 1,3 млн доллар тарту», - деді ол.

Сондай-ақ шетелдік инвесторлардың назарына төмендегі стартаптар ұсынылды:

  • Cerebra – машиналық оқыту негізінде инсультті автоматты диагностикалауға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету;
  • GoatChat – жасанды интеллектімен сөйлесу платформасы;
  • Black Ice AI ақшаны жымқыруға қатысы бар киберқылмыскерлерді анықтау үшін әртүрлі дереккөздерден мәлімет тартады;
  • Sergek Group – бейнебақылау, талдау және болжау, қала жолдары мен көшелеріндегі құқықбұзушылықтарды тіркеудің интеллектуалды жүйесі;
  • Med 365 – ауысым алдындағы/ауысымнан кейінгі тексерулерді тапсырыс берушінің үй-жайында жүргізуге мүмкіндік беретін автоматтандырылған медициналық тексеру жүйесі;
  • Daitan HSE бағыттары аясында ірі кәсіпорындардың өндірістік процестерін цифрлық трансформациялауға маманданған;
  • ROQED – оқу материалдары форматындағы оқу және жұмыс нұсқауларын жаңғырту саласындағы жетекші компания.