Құрылысшылар одағының төрағасы Ұлттық бағдарлама жасауды ұсынды
Мамандардың айтуынша, қазір баспана саудасында стагнация байқалады. Соның салдарынан құрылыс компаниялары қиын жағдайға түскен. Оның арты қыста не көктемде баспана бағасының өсуіне, жүздеген мың жұмысшының қысқаруына алып келуі мүмкін. Бұл болжам қаншалықты рас? Нарықты жуық арада не күтіп тұр? Үй қашан қымбаттайды? Осы жайында толығырақ Құрылысшылар Одағының төрағасы Талғат Ерғалиев айтып берді.
ҚҰРЫЛЫС НАРЫҒЫНА ҰЛТТЫҚ БАҒДАРЛАМА КЕРЕК
– Жыл соңында немесе келер жылдың басында баспана бағасы көтеріледі деген болжам айтылып жатыр. Не себепті көтеріледі?
– Қазір құрылысшыларға қиып тиіп тұр. Сол үшін пәтерлерін кейде арзан, тіпті өз құнынан төмен сатып жатыр. Бірақ бағаны төмен ұстап отыра берсе банкротқа ұшырайды.
Сондықтан бағаның төмендегенін компенсациялау үшін түгел өсіреді. Күз, тіпті қыс болмаса да көктемге қарай міндетті түрде көтереді. Өйткені, бүкіл құрылыс шетелден әкелінетін құрылыс материалдарына байланысты.
– Оған қандай шешім бар?
– Алдымен құрылыс заттарын өз елімізде шығару керек. Ол үшін салалық министрліктің атынан ұлттық бағдарлама жасау керек.
Қай өңірде қанша үй салынады, әлеуметтік бағдарламалар бойынша салынуға тиіс жол, инфрақұрылым, қанша қаражат керек, сол нысандарға қанша кірпіш, цемент, арматура керек – соның бәрі стратегиялық бағдарламада жазылуы керек. Сонда қай өңірге қанша материал, қанша қаражат керек екенін біліп отырамыз. Екінші қадам – қаражат іздей бастаймыз. Осындай бағдарламаның жоқтығынан біз қазір қиыншылыққа ұрынып отырмыз.
– Ол жобаларыңызды министрлікке ұсындыңыздар ма?
– Біз жобамызды ұсындық, бірақ олар аса түсіне қоймайды. Өйткені, оны білу үшін алдымен нарықта жұмыс істеп көру керек. Кабинетте отырған адам нарықта не болып жатқанын білмейді. Минитрліктегілердің біреуінің де нарықта тәжірибесі жоқ. Сондықтан да олар бізді түсінбейді, ерігіп жүр, «популистер» деп санайды.
КҮЗДЕ ҚҰРЫЛЫСТАҒЫ 380 МЫҢ АДАМ ЖҰМЫССЫЗ ҚАЛУЫ МҮМКІН
– Құрылыс нарығында қысқарту тақап келеді деген сөз рас па? Не айта аласыз?
– Көктемде көп мекеме жұмысшыларын 20%-ға қысқартты. Енді күзге қарай тұрғын үй құрылысымен айналысатын компаниялар жұмысшыларын 40-50%-ға дейін азайтуы мүмкін. Біздің зерттеуіміз бойынша, күзге дейін жағдай түзелмесе Қазақстан бойынша 380 мыңға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Өйткені, қазірдің өзінде қысқарту жүріп жатыр. Оның ішінде құрылыс материалдарын шығаратын, өңдейтін, сатып әкеліп беретін компаниялар да бар.
– Баспана нарығында қайталама нарықта үй арзандап жатыр. Бірақ жаңа үйлер әлі құнын ұстап тұр. Саудада стагнация бар. Ендеше неге баға түспейді?
– Қазір, менің ойымша, стагнация емес, рецессия жүріп жатыр. Нарық төмен түсіп келе жатыр. Ол қашанғы жалғасары белгісіз. Арты дағдарысқа тіреліп, айғай-шуға ұласуы мүмкін. Ондай жағдай ешкімге керек емес.
– Ол «7-20-25» бағдарламасының шектелуінен туындап жатқан жағдай ма?
– Бірнеше мәселе бар. Біріншіден, баспанаға мұқтаж жандардың саны әлі де азаяр емес. Ауылдан қалаға көшу үрдісі тоқтамады. Бірақ тұратын жері жоқ.
Екіншіден, «7-20-25» бағдарламасы қысқартылып, Қазақстан бойынша 100 млрд теңге ғана беріліп жатыр. Ол аз, бір жұмада тарап кетеді. Алдын ала 20%-ын төлеп қойғандар көп болғандықтан, наразылық та көп.
Үшінші мәселе, Ұлттық банк инфляциямен күресеміз деп, базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін көтерді. Банктер депозитті 17%-бен алып жатыр. Сондықтан қазір кәсіпкерлікпен айналысуға қажеттілік жоқ. Айталық, кәсіпкерлер күні-түні жұмыс істеп, 10% табыс табатын болса, оның орнына сол қаражатты банкке салып, еш қиналмастан 17% табуға болады. Оның ақыры кәсіпкерлікпен, шаруашылықпен айналысудың мәнін кетірді. Қаржы айналымы азайып, бүкіл ақша банкке құйылып жатыр.
БІР ГЕКТАРДЫ 1 МЛРД ТЕҢГЕГЕ САТАДЫ. БҰЛ СПЕКУЛЯЦИЯ!
– Мұқтаж азаматтарға баспана алу үшін нарыққа қандай өзгеріс керек?
– Қарапайым халық баспана сатып алу үшін нарыққа қаржы құю керек. Ең біріншісі, ипотека! Егер Ұлттық банктің мөлшерлемесін төмендетсек, ипотекаға қаражат берсек, нарыққа ақша құйылады да жұрттың жалақысы да өсер еді. Неге сондай ипотека ашпайсыздар десек, үш түрлі себеп айтады.
Біріншісі, «инфляцияны өсіреді» дейді.
Инфляцияны спекуляция өсіреді. Мысалы, жердің бағасы болмау керек. Ал бізде үлкен қалаларда бір гектарын 1 млрд теңгеге сатады. Жоқ жерден спекуляция жасап отырмыз.
Екіншісі, нарықтың «қызып кетуі». Ол екі түрлі жолмен сипатталады. Бірі, ЖІӨ-нің тез өсуі, мысалы, 10-15%-ға дейін көтеріліп кетсе, солай айтуға болады.
Екінші сипаттамасы, ипотекамен үй алған мұқтаж жандардың үлесі бүкіл халық санының 50-60%-ын алуға тиіс. Басқа мемлекеттерде осылай. Мысалы, Канадада 60%-дайы ипотекамен алады. Біздің елде олардың үлесі 5-ақ пайыз. Сондықтан біздегі жағдай министрлік айтып отырған нарықтың «қызып кетуінің» сипатына сәйкес келмейді. Ол қате пікір.
Үшіншісі, «қаражат жоқ» дейді. Қаражат бар, табуға болады. Мысалы, қазір банктерде 4 трлн теңгедей қаражат жиналып қалған. Халық соның 1 трлн теңгесін несиеге алатын шамасы бар. Егер біздің Қаржы министрлігі 100 млрд теңге бөліп, сол 1 трлн теңге несиенінің 10%-ын субсидияласа, халық 17%-бен емес, 7%-бен алады. Сонда мұқтаж адамдардан сұраныс көбейеді де қаншама қаражат нарыққа құйылады. Ол Үкіметтің ақшасы емес, банктің меншікті қаражаты. Ол бәрібір банкке қайтарылады. Ал осы салада істейтін мекемелер Үкіметке 100 млрд-ын 150 млрд теңге қылып салық ретінде бір жыл ішінде қайтарып береді. Сонда Үкімет ұтады. Осындай қарапайым арифметиканы Үкіметтегі басшылар түсінбей отыр.
– Құрылыс нарығы дегенде, Астана мен Алматыны айта береміз. Өңірлерде өзгеріс бар ма? Компаниялар бет бұрып жатыр ма?
– Алматыда Астанаға қарағанда құрылыс нарығында жағдай жақсы. Өйткені, онда ақша бар. Ал басқа өңірлерде жағдай онша емес. Біз бәрімен байланыста отырмыз, оларда өзгеріс аса сезілмейді де. Өйткені, оларда құрылыс көлемі ірі қалалардан әлдеқайда аз. Мысалы, Астанада жыл сайын 3 млн шаршы метр тапсырып отырсақ, оларда 200-600 мың шаршы метр аралығында жүреді. Бас қаладан 5-6 есе аз.
Ал Астананың бүкіл бюджетінің 60%-ын сол құрылыстың айналасында жүрген мекемелер құрайды. Сондықтан Астана құрылыс арқылы күн көріп отыр десек болады. Бүкіл өндіріс тек сол құрылысқа байланған.
Мысалы біз мынадай жоба ұсындық. Халық ірі қалаларға үдере көшпес үшін өңірлерге 2-3%-дық ипотека қалдырайық дедік. Астанада 7-8% берсін. Сосын өңірде тұрақтап қалғаннан кейін сонда жұмыс істеп, өндірісін көтерер еді. Ал қазір сол өңірлерде жұмысшы саны жетпей жатыр. Егер қазір біз де өңірлерге бет алсақ, жұмысшы таппай таласып қалайын деп тұрмыз.