Еліміз IT өнімдері мен қызметтер экспортын 500 млн долларға жеткізуге ниетті
Адами капиталды дамытуға басымдық беріледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін Қазақстан IT өнімдері мен қызметтер экспортын 500 млн долларға жеткізуге ниетті екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның пікірінше, экономикалық өсім туралы айтқанда, тек цифрлар мен көрсеткіштерге емес, сапаға да мән беру керек.
«Осы ретте Қазақстанның басты мұраты – келешектің цифрлық экономикасына көшу. Цифрлық интеллект индексіне (Digital IQ) сәйкес Қазақстан цифрландыру қарқыны бойынша 20-орында және цифрлық ортаны дамыту жөнінен анағұрлым перспективті елдердің қатарына кіреді. 2022 жылы еліміздегі цифрландыру саласы 12% өсті. Отандық цифрлық өнімдердің халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі артып келеді.
Былтыр IT өнімдері мен қызметтер экспорты 5 есе ұлғайып, 333 млн доллар болды. Мақсатымыз – 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 500 млн долларға дейін жеткізу. Дегенмен мұнымен тоқтап қалмаймыз. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз, - деді президент шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысында.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде адами капиталды дамыту маңызды екенін атап өтті.
Адами капиталдың шешуші рөл атқаратыны бәрімізге мәлім. Бірақ цифрлық трансформацияға кедергі келтіретін де осы – адами фактор.
Цифрлық үдерістерді басқару үшін цифрлық сауаттылыққа және білімге баса мән беруіміз қажет екенін түсінуге тиіспіз. Түпкі мақсат – цифрлық өсімге бағдарланған креативті қоғам қалыптастыру. Біздің адамдар жаңа идеяларды қабылдауға, жаңаша ойлау мен жаңа нәрсе ойлап табуға бейімделуі керек», - деп түйіндеді сөзін мемлекет басшысы.
Айта кетейік, шетелдік инвесторлар кеңесінің отырысына Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо, Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ерлан Досымбеков, Азия даму банкінің президенті Масатсугу Асакава, CNPC компаниясының президенті Хоу Цзицзюнь, Shell plc компаниясының бас атқарушы директоры Уаэль Сауан, Chevron корпорациясының атқарушы вице-президенті Найджел Хирн, Philip Morris International компаниясының ТМД және Орталық Азия бойынша президенті Марко Мариотти, «ЛУКОЙЛ» компаниясының бас атқарушы директоры Вадим Воробьев, Ernst&Young компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка аймақтары бойынша басқарушы серіктесі Джули Линн Тигланд, Air Liquide компаниясының бас атқарушы директоры Франсуа Жаков, Baker Hughes компаниясының төрағасы және бас атқарушы директоры Лоренцо Симонелли, Microsoft корпорациясының Орталық және Шығыс Еуропа бөлімшесінің бас директоры Мишель Симмонс, Wabtec корпорациясының президенті және бас атқарушы директоры Рафаэль Сантана қатысты.