×

«Мемлекет бірнеше миллиард теңге салықтан қағылып келді»: Қытайдан жеткізілетін тауарлар туралы

Қытайдан жеткізілетін тауарлар туралы ақпарат алдын ала берілетін болды

 Дәурен Ерболат 07.06.2023 | 11:11
көрнекі фото: sputnik.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қытайдан жеткізілетін тауарлар туралы ақпаратты алдын ала алатын болдық. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан үкіметінің және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалды.

Вице-премьердің пікірінше, бұрын экспорттық, импорттық стастистикадағы алшақтық бойынша қабылданған шаралардың жеткіліксіз әсері туралы айтылған.

«Бұл туралы біз бірнеше рет түсінік бергенбіз. Жалпы әлемдік тәжірибеде барлық елде тауарлардың сыртқы саудасының кедендік статистикасы деректерінде әріптес елдермен сәйкессіздік болып тұрады. Мысалы, 2021 жылы Қытай мен АҚШ арасындағы алшақтық 66 млрд доллар болса, Германиямен 58 млрд доллар болған.

Әрине, мұндай алшақтықтың негізгі себебі сыртқы сауда статистикасын қалыптастырудың әдістемелік ерекшеліктерінде. Дегенмен алшақтықты азайту үшін жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Тауарларға арналған декларацияларды бақылау және шығару үшін кедендік функцияларды орталықтандыру іске асырылды», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Нәтижесінде Мемлекеттік кірістер комитеті жанынан бас диспетчерлік басқарма құрылған.

Бұл бақылау шаралары бойынша орталықтандырылған шешім қабылдауға, өткізу пунктеріндегі жедел ахуалға қашықтан мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді, - деді вице-премьер.

Сондай-ақ вице-премьер экспорттық декларациялармен онлайн алмасу жүріп жатқанын атап өтті. Осылайша, Қытайдан жеткізілетін тауарлар туралы ақпарат алына бастаған.

«Мысалы, мұндай ақпарат Қытайдан Қазақстанға тауар келмей тұрып алынады. Бұл елімізге келе жатқан тауарлар туралы алдын ала ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Жалпы, былтыр мемлекет басшысы кеден саласын тәртіпке келтіруге қатысты арнайы тапсырма берген болатын. Тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілген жұмыстың нәтижесінде былтыр тек Қытайдан келетін тауарлар бойынша бюджетке 465 млрд теңгеге кедендік төлем мен салық түсті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 60%-ға артық», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Еске салайық, былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен шекарада бейберекетсіздік орнағанын мәлімдеген еді.

«Бюджет кірісін арттырудың сыры шекарада тәртіп орнатуда жатыр. Әсіресе Қытаймен шекараны реттеу керек. Ондағы нағыз бейберекетсіздік бәріне белгілі. Көліктер тексерілмейді, салық төленбейді. Қытайдың кеден органдары статистикадағы айырмашылық миллиардтаған долларға жететінін көрсетіп отыр. Заңға бағынбайтын уәкілетті операторлар бар. Мемлекет салық түрінде ондаған миллиард теңгеден айырылып жатыр. Бұлай болмайды», - деген еді Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама