Қай өңірлерде ұн бағасы шарықтағаны белгілі болды
Ұны арзан өңір де аталды
Нұр-Сұлтан, Атырау мен Алматыда ұн қатты қымбаттаған. Ал ең төменгі баға Павлодарда тіркелді, мұнда ұн бағасы – келісіне 194 теңге.
Қаңтар-наурызда ұн өндіру көлемі 881,4 мың тоннаны құрап, бір жылмен салыстырғанда 8,9%-ға өсті. Дегенмен бұл 2018-2019 жылдармен салыстырғанда аз. Өндіріс көлемінің ұлғаюына қарамастан ұн 2020 жылғы наурызда 23,3%-ға қымбаттаса, биылғы наурызда өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға өсті, – дейді energyprom.kz.
Наурызда Қазақстан қалаларында жоғары сапалы ұнның орташа бөлшек сауда бағасы келісіне 279 теңгені, бірінші сұрыпты ұн бағасы келісіне 191 теңгені құрады. Оның ішінде ұнның ең жоғары бағасы елордада келісіне 343 теңге, Атырауда 327 теңге және Алматыда 312 теңге болды. Ең төменгі баға Павлодарда – 194 теңге.
Ауыл шаруашылығы министрлігі тапшылық пен бағаның айтарлықтай өсуіне жол бермеу үшін 16 сәуірден 15 маусымға дейін ұн экспортына шектеу енгізген еді. Биылғы қаңтар-ақпанда Қазақстан 104,8 млн доллар сомасына 284,6 мың тонна бидай немесе қара бидай ұнын экспорттады. Отандық ұнның негізгі импорттаушылары Ауғанстан мен Өзбекстан болды.