Ол 2026 жылға дейін аяқталуға тиіс
«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ «Алматы электр станциялары» АҚ-мен (АлЭС) несиелік желі ашу туралы келісімге қол қойды, деп хабарлады ҚДБ баспасөз қызметі.
Келісімге сәйкес, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, Азия даму банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі, «Алматы электр станциялары» АҚ бірлесіп, Алматыдағы №2 ЖЭО-ны жаңғыртуға қаржы бөледі. Жоба 2026 жылдың соңында аяқталуға тиіс. Нәтижесінде ЖЭО жабдығының белгіленген электр қуаты 510 МВт-тан 600 МВт-қа дейін артып, ал жылу қуаты 957 Гкал болады. Жылу электр орталығы көмірден газға ауыстырылады. Осылайша, атмосфераға күкірт диоксиді мен күлдің (шаң) бөлінуі толық жойылады, ал көміртектің қостотығы (СО2) 1,5 есе азаяды.
ҚДБ басқарма төрағасының орынбасары Марат Елібаев банктің жобаға неге қатысып жатқанын түсіндірді.
Біріншіден, халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп, жобаны қаржыландыру. Екіншіден, ЖЭО-ның қоршаған ортаға әсерін төмендету әрі Алматы агломерациясын энергиямен жабдықтауды арттырып, ESG қағидаттарына сәйкес келтіру. Экологиялық мәселені ескеріп, жобаны қаржыландыру маңызды екенін түсіндік, - деді Марат Елібаев.
АлЭС Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Әсел Арғынбаева ЖЭО-ны газға көшіру кезең-кезеңімен іске асырылатынын атап өтті.
«Бүгін келісімге қол қойдық. Бұл құрылысты уақытында бастауға мүмкіндік береді әрі маңызды қадам деуге болады. Біз бірлесіп жұмыс істеу үшін жаңа сатыға көтерілдік», - деді ол.
Кредиттік келісімге «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Елібаев пен «Алматы электр станциялары» АҚ басқарушы директоры Әсел Арғынбаева қол қойды.