Қазақстанның астығы өзін толық қамтамасыз етеді – премьер
Астықтың көлемі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық жетеді
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов шенеуніктерге егіс науқанын бақылауда ұстауды тапсырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Премьер-министр көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізу азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей ықпал ететінін атап өтті.
Бүгінде Қазақстан бойынша науқандық жұмыстар аяқталып келеді. Үкімет қаржы бөлу және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін толық шешті. 140 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлінді. 21 млрд теңге қаражат өнімді форвардтық сатып алуға бағытталды. Дихандарға 522 мың тонна астыққа тауарлық несие берілді. Дизель отыны нарықтағы бағадан 30% төмен бағамен жеткізілді, - деді премьер-министр.
Үкімет басшысының айутынша, минералды тыңайтқыштар өндіретін отандық компаниялармен келісімшарттар жасалып, өнімді субсидиялауға жергілікті бюджеттерден 31 млрд теңге бөлінген.
Сондай-ақ аталған субсидияларды кешіктірмей беру үшін егіс алқабын цифрландыру бір жыл кейінге шегерілді, - деді ол.
Әлихан Смайылов биыл Үкімет агроөнеркәсіп саласын мемлекеттік қолдау жүйесін көп өзгертпей, барынша сақтап қалғанын атап өтті.
«Қазақстанның өз астығы өзіне толық жетеді. Қалған ауқымды бөлігін экспортқа да шығарады. Биыл Қазақстан бидайы Қытайға жеткізіле бастады. Мысалы, ауа райы қолайсыз болып, астық шықпай қалған күннің өзінде біздегі ішкі қажеттілік ең аз жиналатын көлемінен 2 есе төмен екенін айта кету керек. Яғни астықтың көлемі елдегі ішкі сұраныс пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге толық мүмкіндік береді. Жалпы егіс жұмыстарының қарқыны жақсы екенін атап өтемін», - деді Үкімет басшысы.