Сарапшы курсқа әсер ететін негізгі факторларды атап берді
Ұлттық банк валютаны аз көлемде сатты. Мәселен, маусымда Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударым көлемі 500 млн долларды құрайды. Ал БЖЗҚ оның 200 млн долларын сатып алып қояды. Нәтижесінде нарыққа 300 млн-ы ғана қалады. Кей сарапшы соның әсерінен теңге әлсірейді деген болжам айтып жатыр.
Оның үстіне, тағы бірнеше факторды келтіреді. Мысалы, импорт көлемі артып келеді. Демек, оған валюта қажет. Ал экспорт керісінше, кеми бастаған. Яғни елге валюта аз келеді. Оның үстіне, бүгінге дейін шикізат, оның ішінде мұнай бағасы төмендеп келген еді. Осы жайттарды ескере келе, сарапшылар доллар бағамын 460-470 теңге аралығына дейін барады деп болжаған.
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, қазір теңгеге оң әсерін де, кері әсеріп де тигізіп тұрған факторлар бар.
Оң әсерлерге келсек, ОПЕК+ мұнай өндіру көлемін қысқарту бойынша тағы да келісім жасады. Бұл мұнай бағасын өсіреді. Ал ол теңгеміздің кемінде тұрақты болып қалуына ықпал етуі мүмкін.
Одан кейінгі маңызды мәселе, ішкі фактор ретінде өзіміздің Ұлттық банктің жүргізіп отырған ақша-несие саясаты. Теңгеміздің базалық пайыздық мөлшерлемесі қазір 16,75% пунктінде. Ол өте жоғары дәреже және теңгенің құнын арттырып тұр.
Сарапшының сөзінше, теңгенің былтыр да, осы жолы да құнды болып тұруының тағы бір себебі, Ұлттық қор бюджетке өте үлкен көлемде аударымдар жасайды. Былтыр 4,6 трлн теңгеге жетті. Биыл негізі жоспар бойынша 2,2 трлн теңге аудару керек болса, бүгінге дейін бюджетті тағы өзгертіп, 800 млрд теңге тағы қосымша аударды. Сонда 3 трлн теңгеге жетіп отыр. Жыл соңына дейін аударымдар тағы жалғасса, ол теңгенің құнды болып тұруына ықпал етеді.
Ұлттық банк «біз ешқандай интервенция жасап жатқан жоқпыз. Валюта нарығына еш араласпадық» дейді. Шын мәнінде бұрынғыдай ресми араласпайды. Бірақ та ұлттық қордағы ақшаны доллармен алып кеп, оған теңге сатып алғандықтан ол теңгеге күш береді, – дейді Мақсат Халық.
Енді теңгеге кері әсер ететін факторлар да бар.
Экономист АҚШ доллардың кредиттік пайыздық мөлшерлемесін алдағы уақытта тағы өсіреді деген болжам барын айтады. Қазіргі 5%-дық дәрежесінің өзі өте жоғары. Алда тағы 0,5%-ға өсіріп, тіпті 6%-ға дейін жеткізуі мүмкін.
Ондай жағдайда біріншіден, резервтік валюталардың долларға қатысты құнсыздануына алып келеді. Екіншіден, дамушы елдердің валютасын тағы әлсіретпек.
Тағы бір жайт – рубль факторы.
Өткен жылдары құнды болса, қазір қатты әлсірей бастаған. Соны меңзеп, Ресей билігі санкциялық қысымның әсер етпейтінін көрсеткісі келген. Бірақ қазір өте үлкен бюджет тапшылығына ұшырады және оны тек рубльді арзандату арқылы ғана толтыратындығын ұғып отыр. Сондықтан қазір рубльді құнсыздана бастады. Бұл жағдай одан әрі жалғаса берсе, біз теңгені қазіргі құнында ұстап тұра алмаймыз. Соның әсерінен төл валютамыз құлдырауы мүмкін, – дейді ол.
Ендігі бір мәселе, сарапшының пайымынша, әлемде қазір рецессия болуы мүмкін. Себебі, әр елдің орталық банкі базалық мөлшерлемені өте жоғары деңгейде ұстап отыр. Ол инфляциямен күресу үшін қажет. Өйткені, мұнай бағасы биыл тағы қымбаттай бастады. Шикізат қымбат болғандықтан, өндіруші елдің бәрінде – Қытай болсын, АҚШ болсын – өнімнің қымбат болуына әсер етеді. Ол инфляцияның қарқынын арттырады. Сондықтан орталық банктер базалық пайыздық мөлшерлемелерін көтеріп тұр. Ол жағдайда ақшаның бәрі қымбат болады, іскерлік белсенділікке кері әсерін тигізеді. АҚШ-та, Еуропада, Қытайда да рецессия болуы мүмкін. Ондайда әлемде дағдарыс белгілері пайда болады да Қазақстан сияқты кішкентай мемлекетке кері әсерін тигізбек.