Нысандарды жобалау және салу кезінде халықаралық стандарттар қолданылуы керек
Үкіметте премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте газ-химия өнеркәсібін дамыту мәселелері қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Атап айтқанда, полиэтилен өндірісі бойынша интеграцияланған газ-химия кешенін салу жобасы талқыланды. Бұл мәселе бойынша соңғы инвестициялық шешім 2024 жылы қабылдануға тиіс. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, жобаны табысты іске асыру үшін «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА жұмыс істеу мерзімін ұзарту және жетіспей тұрған сыртқы инфрақұрылымды салу керек.
Талқылау қорытындысы бойынша премьер-министр уәкілетті органдарға көтерілген мәселелерді шешу жолдарын пысықтауды тапсырды. Сонымен қатар, Үкімет басшысы ҚР заңнамасы аясында шетелдік лицензияланған технологияларды пайдаланатын ірі мұнай-газ химия нысандарын жобалау және салу кезінде халықаралық стандарттарды қолдану мүмкіндігін қарастыру қажеттігі туралы айтты.