Астанаға туризмді дамытудың бөлек тұжырымдамасы керек – сарапшы
2020 жылдан бері туризм тұралап қалды
Астана қаласының туризмін дамыту үшін арнайы тұжырымдама қабылдау керек. Қалалық туризмді дамыту орталығының атқарушы директоры Татьяна Верницкая осындай айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның пікірінше, бүгінде қала туристердің көрсеткіші бойынша 2019 жылдың көрсеткішіне қол жеткізе алмай отыр.
«2017 жылы туризмды дамыту бағытында жақсы жұмыс істелді. Іс-шаралық туризмді дамытуға күш салынып, көптеген өнімдер ұсынылды. Қазір біз 2019 жылдың көрсеткішіне жете алмай отырмыз. Бүгінде елімізге туристер келіп жатыр. Бірақ оларға жақсы өнім ұсына алатын, ішкі туризммен айналыстаын туристік операторлар аз. Негізі тізімде көп, бірақ іс жүзінде өте аз. Қалада туроператор, гидтармен жұмыс істейтін құрылым жоқ. Astana Invest мекемесінің есебіне сенсек, елордада іс-шаралық, іскерлік және медициналық туризм дамып жатыр», – деді ол.
Сондай-ақ нарықта рұқсатсыз жұмыс істеп жүрген гидтер барын атап өтті.
Астанада туристік оператордың қызметін көрсететін гидтер өте көп. Олар қызмет көрсетіп, ақша табады. Бірақ салық төлемейді. Сондай-ақ қазіргі күні Ресейден көп туристер келіп жатыр. Өз бетімен келіп, қонақүйге тоқтап жатыр. Олармен жұмыс істеп жатқан туроператорлар жоқ. Сондықтан қаланың туризмін дамыту стратегиясын қабылдау қажет. Бұл стратегияны әзірлеп, қабылдау керек. Өйткені саланың ойыншылары қалай қарай жүру керек екенін білмейді. Оның қажеттілігі туралы айтып келеміз, – деп қосты сарапшы.
Сонымен қатар, ол тұжырымдама туристерден бастап, мектеп оқушыларына дейін қамтылуы керек деп есептейді.
«Мәселен, мектеп оқушылары сыныптарымен бірге экскурсияға бара жатқанын жиі көруге болады. Яғни педагогтер балаларды қоғамдық көлікпен қыдыртуға апарады. Нақты айтатын болсақ, экскурсиялық турларды туроператорлар компаниялары ұйымдастыруға тиіс. Сондықтан компанияларды жұмыс істеуі үшін ынталандыру керек. Қалаға еліміздің өңірлерінен келген қонақтар мен туристер қонақ үйлерге тоқталады. Алайда олардың әрі қарай немен айналысатынын білмейміз, өйткені оларға ештеңе ұсынбаймыз. Сол себепті турларды дамытуға ынталандыру қажет. Бізде театр, музей және баратын басқа да жерлер жетеді. Туристерге өнімді кәсіби туристік операторлар мен кәсіби гидтер ұсынуы керек деген пікірдеміз», – деді Татьяна Верницкая.
Бүгінде қалада балаларға арналған турөнімдер аз. Сарапшы мұның шешімін ұсынды.
Балалар туризміне келсек, біз бұған дейін 10 мың балаға кәсіптік бағдар беру үшін тур ұйымдастыруға әзірміз деп айтқан едік. Осыған орай, қаладан көлік мәселесін шешуге көмектесуді сұрадық. Біз осынша қажет болса, одан көп балаға тур ұйымдастыра аламыз, – деді Верницкая.
Астана әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаевтың мәліметінше, биыл еліміздің өңірлерінің балалары елордаға қыдырып келетін болады.
«Бұрын еліміздің барлық өңірінен балаларды астанаға экскурсияға әкелу бағдарламасы болған еді. Музейлер мен айтулы жерлерге апарып, аралатты. Соның арқасында ауылдарынан аттап шықпаған балалар елордаға алғаш рет келіп, көрді. Біз биыл бұл бағдарламаны жаңартамыз. Қазір 1000 балаға қаржы бөлінді. Балалардың демалысын жақсы өткізуі үшін бағдарламасын мазмұнды етіп жасалады. Өңірлерден келетін балалардың тізімін өңірлік әкімдіктер өздері жасап, көлікпен қамтамасыз етеді. Біз оларды қалада күтеміз. Мұндай бағдарлама «Экспо» көрмесі кезінде болған және табысты іске асырылған болатын», – деді әкім орынбасары.
Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының мәліметінше, қазіргі уақытта қалалық туризмді дамытудың тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Жаңа стратегия өлкетану мұражайы ашу, экскурсиялық көлік навигация жүйесі, гидтердің мәселелерін қамтитын болады.
«Құжатта мұның бәрі жазылады. Жаздың соңына дейін алдағы бірнеше жылды қамтитын тұжырымдаманы анықтауды жоспарлап отырмыз. Себебі саладағы кейбір мәселені нақты істеп жатқанымызбен, толық картина жоқ. Қауымдастқытың көтерген ескертулері назарға алынды. Сондай-ақ медицинадық, іскерлік туризмдер бойынша да жеке тармақтар болады. Мұның бәрі бір стратегияға кіретін болады», – деді басқарма басшысы Халел Әкімжанов.