Halyq Uni логотип
×

Мамырда қандай азық-түліктердің айтарлықтай қымбаттағаны айтылды

Олардың бағасы бір жылда 16,5% өскен

 Дәурен Ерболат 01.06.2023 | 14:54
Мамырда қандай азық-түліктердің айтарлықтай қымбаттағаны айтылды
Фото: today.ua

Қазақстанда мамырда қырыққабат, пияз, жүзім, сәбіз, алма, картоп айтарлықтай қымбаттаған, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.

Биыл мамырда тұтыну бағаларының бір айлық мәндегі индексі баяулап, (сәуірмен салыстынғанда 0,6% болды. Ақылы қызметтердің бағасы 0,7%, азық-түлік және оған жатпайтын тауарлардың әрқайсының бағасы 0,5% өсті. Әуе көлігі қызметтерінің бағасы 11,5%, теміржол қызметі 2,5% артты.

Мамырда қырыққабат 23,8%, пияз 9,9%, жүзім 9,6%, сәбіз 8,6%, алма 5,3%, картоп 4% және күріш 2,5% қымбаттаған. Бір айда салқындатылған сусынның бағасы 1,9%, сүт 1,8%, шай 1,6% өскен. Сондай-ақ қияр 39,6%, қызанақ 23,7%, тәтті бұрыш 7,6%, қарақұмық жармасы 4%, банан 3,8% арзандаған.

Сондай-ақ мамырда баллондағы сұйытылған газдың 1,7%, бензиннің 1,2%, дизель отынының 0,7% қымбаттағаны байқалды.

Сәуірмен салыстырғанда киім және аяқ-киім 1,3%, жеке қолдану тауарлары 1,2%, ыдыс-аяқ 0,9%, жуу және тазалау құралдарының бағасы 0,8% көтерілді.

Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Шымкентте – 1%, ең төменгісі Павлодар облысында – 0,1%.

Өңірлер бойынша азық-түлік тауарларының ең жоғары бағасы Ұлытау облысында – 1,4%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша Алматы қаласы және Солтүстік-Қазақстан облысында –1%, ақылы қызметтер бойынша Шымкент қаласында – 2,7%.

2023 жылғы мамырда жылдық мәнде инфляция деңгейі 15,9% болды. Азық-түлік тауарларының бағасы 16,5%, азық-түлік емес тауарлар 17,2%, ақылы қызметтер 13,5% өсті.

2022 жылғы мамырмен салыстырғанда кеңсе тауарлары 67,5%, қияр 53,4%, кір сабын 49,7%, ыдыс жууға арналған құралдар 47,1%, қантсыз қоюландырылған сүт 46,6%, күріш 44,9%, күндізгі стационарлық емдеу 43,6%, шақпақ қант 42,7% қымбаттаған. Керісінше, жылдық мәнде қырыққабат және сәбіздің әрқайсысы 19,1%, картоп 16,8%, у сарымсақ 8,4%, қызылша 7,1% арзандаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама