Мемлекетке 6 млрд теңге залал келтірген алаяқтар ұсталды
Олар тиісті жазасын алды
Қаржылық мониторинг агенттігінің астаналық департаменті қаржыны заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру саласындағы қылмыстық әрекеттің жолын кесті.
Құрықталған топ өздерінің іс-әрекетімен мемлекетке 6 миллиард теңгеден астам сомада залал келтірген. Олар заңды рәсімдерді айналып өтіп, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысып, қызметтер көрсетпей, жұмыстарды орындамай және тауарларды іс жүзінде тиеп-жөнелтпей, бақылаудағы 35 кәсіпорыннан жалған шот-фактуралар жазып берген, – дейді қаржылық мониторинг агенттігі.
Сот барлық алты кінәліге қатысты нақты мерзімге бас бостандығынан айыру үкімін шығарды. Барлық айыпталушы 10 жыл мерзімге кәсіпкерлік қызметте басшылық лауазым атқару құқығынан айырылды. Төленбеген салықтар камералдық бақылау мен салықтық аудит шеңберінде контрагенттерден толық көлемде өндіріп алынады.
«Қаржылық мониторинг агенттігі көлеңкелі экономика саласындағы қаржыны заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырумен, заңды тұлғалармен жарамсыз мәмілелер жасаумен, жалған бухгалтерлік құжаттарды ұсынумен айналысатын қылмыстық топтарды жою арқылы адал бизнесті «бір күндік фирмалармен» байланыста болудан тұрақты түрде қорғауға мүмкіндік береді. Мемлекетке айтарлықтай зиян келтіру қаупін азайтады», – делінген ақпаратта.