Қытай кәсіпорны өнімердерін экпортқа да сатпақ
Биыл мамырдың соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары кезінде бірнеше компаниясының басшысымен кездескен еді. Сол сапарда олар Қазақстанда өндіріс орындарын ашатын болып, қазақстандық компаниялармен келіскен-ді. «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының өкілдері бізге соның егжей-тегжейін айтып берді.
БЕС ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ЖОБА
«KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясының Қытайдағы өкілдігінің Бас өкілі Қуанышбек Амантайдың айтуынша, ондағы тұрмыстық техника, оның ішінде телевизор, монитор және дисплей шығаратын ең ірі компаниялардың бірі HKC компаниясымен қазақстандық компания келісімге қол қойған. Бұл жоба іске асса, Қазақстан сырттан импорттамай, өз нарығын қамтамасыз етеді.
Оның үстіне, қытайлық өндіруші қазақстандық нарықпен бірге, ортаазиялық мемлекеттер мен Ресей нарығын да қамтуды көздейді.
Алдын ала тиісті уағдаластыққа қол жеткізілді. Жобаның көлемі шамамен 11,8 млрд теңге. Қазіргі есеп бойынша шамамен 500-дей жұмыс орны құрылмақ. Тараптар осы жылдың соңына дейін бұл өндірісті іске қосуға күш салатынын келісті. Бірақ алда әлі де көп жұмыс бар. Тиісті техникалық және коммерциялық келіссөздер жүргізуі қажет, – дейді ол.
Айта кетерлігі, дәл осы жоба алғаш 2018 жылы сөз болған еді. Аталған Қытай компаниясының өкілдері алдымен Алматыда, кейін Қостанайға келіп, зауыт салатын жер қарап жүргендерін мәлімдеген. Сөйтіп, жылына 3 млн теледидар шығаратын болған еді.
«KAZAKH INVEST» өкілдері сонымен қатар, тұрмыстық техника бойынша қосымша Қытайдың тағы бір ірі тұрмыстық техника өндірушісін де шақырғандарын мәлімдеді.
Олармен де былтырдан бері тығыз келіссөз жүргізіп келеміз. Былтырдан бері Қазақстанға бірнеше сапарын ұйымдастырдық. Олар қазір Қазақстанда логистикалық және маркетингтік жұмыстарын жүргізетін болып, уағдаластыққа қол жеткіздік. Шығаратын техникасының түрі өте көп. Енді солардың ішінде қайсы түрін Қазақстанда шығаруға болатынын келісіп жатырмыз, – дейді Қуанышбек Амантай.
ҚАЗАҚСТАНДА ЖАҢА КӨЛІК БРЕНДТЕРІ ШЫҒАДЫ
Сондай-ақ, президент сапарында көлік құрастыру бойынша да бірнеше уағдаластықтарға қол қойылды.
Айта кетерлігі, соңғы жылдары Қытай көлік өндірісі бойынша бірінші мемлекетке айналды. Мысалы, былтыр Қытай 27 млн-нан астам көлік өндірген. Ол дүние жүзіндегі ең үлкен көрсеткіш. Одан бөлек, Қытай былтыр 3 млн-нан астам көлік экспорттап, бұл көрсеткіш жөнінен де бірінші орында тұрған Германиядан асып түсті.
Қытай өз көліктерінің сапасы жағынан да, бағасы жағынан да бәсекеге қабілетті екенін көрсетіп отыр. Енді олар қазақстандық нарыққа қызығушылық білдіріп жатыр. Оған қоса, қазақстандық өндірушілердің бірнеше жылдан бері жасаған өндірістік базасының бар екенінің нәтижесінде ары қарай Қазақстандағы көлік өндірісін ұлғайтуға, көлік шығаратын қытайлық брендтердің санын көбейтуге мүмкіндік болады, – дейді Бас өкіл.
Сонымен қатар, Қуанышбек Амантай бұған дейін болмаған, жаңа Қытайдың жаңа көлік брендері де келетінін айтты. Яғни, елімізде құрастырылатын қытайлық көліктердің брендері арта түспек. Оның сөзінше, бұл шара болашақта автомобильді жалпылама құрастыру түрінен ұсақ құрастыру түріне тезірек өтуге және қазақстанда көлік өндірісіне қажетті құрал-жабдықтарды, басқа да бөлшектерді шығаруға одан да көп мүмкіндік береді.
Ал сосын сол үлкен көлік өндірушілердің келуінің арқасында артынан көлік бөлшектерін өндіретін компанияларды да келеді деген үміттеміз. Соған байланысты олармен де келіссөз жүргізуді жоспарлап отырмыз, – дейді ол.