Қос ел көлік саласын дамытқалы отыр
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова Испанияның өнеркәсіп, сауда және туризм министрінің орынбасары Шиана Мендеспен кездесті, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Қос тарап көлік-логистикасында өзара тиімді әріптестікті нығайту мәселесін талқылады.
Вице-министр шетелдік әріптесіне Қазақстанның көлік-транзит әлеуетін дамыту мен көлік дәліздерін жаңғырту жұмыстары туралы айтып берді. Оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағыты аясындағы жобаларды іске асыру, Ақтау портында контейнерлік хаб құру және Құрық портындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалының құрылысы бар.
Кездесуде Шиана Мендес экономика және өнеркәсіптегі ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Испания үкіметаралық комиссиясының 10-отырысы мен іскерлік кеңестің 7-отырысы сәтті өткенін атап өтті. Сондай-ақ ол испан тарапының Қазақстанмен инфрақұрылымдық жобалар саласында, оның ішінде ТМТМ-ның жекелеген жобалары бойынша ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар испандық ресми өкіл Aqualia компаниясының кәріз-тазарту және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғырту, оларды салу бойынша бірлескен жобаларын іске асыруға ниетті екенін айтты. Осы бағыт бойынша «Қазақстандық ТКШ жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ жеке кездесу өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Жиында қос тарап шетелдік Xcalibur компаниясы Испания бюджеті есебінен Қазақстан аумағында жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізу аясында аэрогеофизикалық зерттеудің толық спектрін ұсыну мәселесін қарастырды.
Динара Щеглова жоғарыда аталған салалар бойынша қазір ынтымақтастықты қаржыландыру форматы пысықталғасын ғана екіжақты қарым-қатынас туралы келісім жасауға болатынын айтты.