Ауыл шаруашылығында субсидия қалай индексацияланып жатыр?
Биылдан бастап барлық субсидия жалпы сипаттағы трансферттермен жергілікті бюджеттер базасына берілген. 2023-2025 жылдарға жалпы сипаттағы трансферттің көлемін белгілеу үшін Ұлттық экономика министрлігі арнайы әдістемеге сәйкес есеп жүргізген. Есептеу кезінде арнайы коэффиценттермен инфляция пайызы негізге алынған.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, облыстардағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің әлеуетті өндірісі бойынша, ақпарат Ұлттық экономика министрлігіне жіберілген. Аталған министрлік оны жалпы сипаттағы трансфертті есептеу кезінде пайдаланды.
Бүгінде осы салада субсидияның 13 түрі бар екен. Олар мынадай мақсаттарға беріледі:
Айта кетерлігі, ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдауде шекті мөлшерден асып кетпеу керек.
Еуразиялық экономикалық комиссияға мүше бес мемлекеттің төртеуі Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше. Атап айтқанда, Армения 2003 жылдан бастап, Қазақстан 2015 жылғы 30 қараша, Қырғызстан 1998 жылдан, Ресей 2011 жылдан бастап осы ұйымда. Ал Беларусь 1993 жылдан бастап ДСҰ-ға кіру туралы әлі келіссөз жүргізіп келеді.
Бұл елдердің ДСҰ-ға кірген кезде мойнына алған міндеттемелері бар. Онда Армения үшін өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің құнының ішінде ішкі қолдау деңгейі 2008 жылдан бері 5%-дан аспауға тиіс. Қазақстанда бұл көрсеткіш 8,5%, Қырғызстанда 5%, Ресейде де 5%.
Былтыр Беларусь 10%-ға дейін мемлекеттік қолдау көрсете алатын болғанымен, 2,5% ғана көмек көрсете алды. Қазақстан да 8,5%-ға дейін субсидия бере алатын болғанымен, мемлекеттік қолдау деңгейі 4,8% ғана. Қырғызстанда қолдау шегі 5% болса, нақты қолдауы 0,13%. Ал Ресей міндеттеме 5%-ға дейін қолдай алатын болғанымен, нақты көрсеткіші 2,88%-ды құрайды.
Айта кетейік, бұған дейін «Ауыл» партиясының Мәжілістегі фракциясының басшысы Анас Баққожаев бюджеттен бөлінетін субсидияны арттыру мәселесін көтерген еді. Оның айтуынша, бөлінетін қаржының жалпы мөлшері бүгінгі сұраныстан 4 есе кем. Ауыл шаруашылығы өндірісіне қажет барлық зат – техника, химия, қызмет түрлері қымбаттап жатыр, ал өндірілген өнім құны өзгеріссіз қалған.
Ресей мен Беларусияда аграрлық саланы қолдау деңгейі бізбен салыстырғанда əлдеқайда жоғары, яғни олар бір экономикалық кеңістікте бəсекелік басымдыққа ие. Олармен теңесу үшін ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлы саланы қолдауға бөлінетін қаржы мөлшерін арттыру жөнінде бірнеше рет ұсыныс жасаған. Бірақ Үкімет тарапынан қолдау таппады. Сонымен қатар инфляция деңгейі жыл сайын артуда, ал субсидияға индексация жасалмайды, – деген еді депутат.