×

Субсидия индексацияланады, бірақ шекті мөлшерден аспауы керек – АШМ

Ауыл шаруашылығында субсидия қалай индексацияланып жатыр?

 Ербол Тұрымбет 30.05.2023 | 08:54

Биылдан бастап барлық субсидия жалпы сипаттағы трансферттермен жергілікті бюджеттер базасына берілген. 2023-2025 жылдарға жалпы сипаттағы трансферттің көлемін белгілеу үшін Ұлттық экономика министрлігі арнайы әдістемеге сәйкес есеп жүргізген. Есептеу кезінде арнайы коэффиценттермен инфляция пайызы негізге алынған.

Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, облыстардағы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің әлеуетті өндірісі бойынша, ақпарат Ұлттық экономика министрлігіне жіберілген. Аталған министрлік оны жалпы сипаттағы трансфертті есептеу кезінде пайдаланды.

Бүгінде осы салада субсидияның 13 түрі бар екен. Олар мынадай мақсаттарға беріледі: 

  1. агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техникасы мен технологиялық жабдығын сатып алуға лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін арзандату;
  2. агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау;
  3. агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру жөніндегі бағыт шеңберінде кредиттік және лизингтік міндеттемелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін арзандату;
  4. тұқым шаруашылығын дамыту;
  5. агроөнеркәсіптік кешендегі сақтандыруды дамыту;
  6. мал шаруашылығы өнiмiнiң өнiмдiлiгi мен сапасын арттыру;
  7. басым дақылдардың, оның ішінде көпжылдық екпелердің өндірісін дамыту;
  8. отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге тыңайтқыштардың (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) құнын арзандату;
  9. ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге саны зиян тигізудің экономикалық шегінен жоғары зиянды және аса қауіпті зиянды организмдерге, карантинді объектілерге қарсы өңдеу жүргізуге арналған пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) құнын арзандату;
  10. ауылшаруашылық тауарларын өндiрушiлерге суды беру бойынша көрсетiлетiн қызметтердiң құнын субсидиялау;
  11. асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту;
  12. қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауылшаруашылық өнімін тереңдете қайта өңдеп өнім шығаруы үшін оны сатып алу шығындарын субсидиялау;
  13. агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің қарыздарын кепілдендіру мен сақтандыру шеңберінде субсидиялау.

Айта кетерлігі, ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдауде шекті мөлшерден асып кетпеу керек. 

Еуразиялық экономикалық комиссияға мүше бес мемлекеттің төртеуі Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше. Атап айтқанда, Армения 2003 жылдан бастап, Қазақстан 2015 жылғы 30 қараша, Қырғызстан 1998 жылдан, Ресей 2011 жылдан бастап осы ұйымда. Ал Беларусь 1993 жылдан бастап ДСҰ-ға кіру туралы әлі келіссөз жүргізіп келеді.

Бұл елдердің ДСҰ-ға кірген кезде мойнына алған міндеттемелері бар. Онда Армения үшін өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің құнының ішінде ішкі қолдау деңгейі 2008 жылдан бері 5%-дан аспауға тиіс. Қазақстанда бұл көрсеткіш 8,5%, Қырғызстанда 5%, Ресейде де 5%.

Былтыр Беларусь 10%-ға дейін мемлекеттік қолдау көрсете алатын болғанымен, 2,5% ғана көмек көрсете алды. Қазақстан да 8,5%-ға дейін субсидия бере алатын болғанымен, мемлекеттік қолдау деңгейі 4,8% ғана. Қырғызстанда қолдау шегі 5% болса, нақты қолдауы 0,13%. Ал Ресей міндеттеме 5%-ға дейін қолдай алатын болғанымен, нақты көрсеткіші 2,88%-ды құрайды.

Айта кетейік, бұған дейін «Ауыл» партиясының Мәжілістегі фракциясының басшысы Анас Баққожаев бюджеттен бөлінетін субсидияны арттыру мәселесін көтерген еді. Оның айтуынша, бөлінетін қаржының жалпы мөлшері бүгінгі сұраныстан 4 есе кем. Ауыл шаруашылығы өндірісіне қажет барлық зат – техника, химия, қызмет түрлері қымбаттап жатыр, ал өндірілген өнім құны өзгеріссіз қалған.

Ресей мен Беларусияда аграрлық саланы қолдау деңгейі бізбен салыстырғанда əлдеқайда жоғары, яғни олар бір экономикалық кеңістікте бəсекелік басымдыққа ие. Олармен теңесу үшін ауыл шаруашылығы министрлігі аграрлы саланы қолдауға бөлінетін қаржы мөлшерін арттыру жөнінде бірнеше рет ұсыныс жасаған. Бірақ Үкімет тарапынан қолдау таппады. Сонымен қатар инфляция деңгейі жыл сайын артуда, ал субсидияға индексация жасалмайды, – деген еді депутат.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама