Ербол Қарашөкеев бағаның сұранысқа байланысты екенін айтты
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев елімізде жұмыртқа бағасы қымбаттауына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналист «Жұмыртқа өндірушілерге субсидия берілмегендіктен бұл бағаға әсер етпей ме? Қазақстанда жұмыртқа бағасы қымбаттамайды деп сөз бере аласыз ба?», деп сұрады.
«Жұмыртқа бағасы бізде үнемі өзгеріп отырады. Соңғы бес жылдағы жұмыртқа бағасы динамикасын алып қараңыз. Жылдың басында жұмыртқа бағасы қымбаттайды, а жазға қарай арзандайды. Себебі сұраныс төмендейді. Бұл сұранысқа байланысты. Бұл жағдайда министрдің уәде беруін сұрау дұрыс емес. Министр ретінде жағдайды бақылап, ауыл шаруашылығы өндірісінің барлық бағытын қолдау үшін барлық шараны қабылдайтыныма уәде бере аламын», - деді министр.