Оралдағы әуежайдың ресейлік компанияға берілуінен қорқудың қажеті жоқ – БҚО әкімі
Биыл өңірдегі әуежай акциясының 49%-ы Ресей компаниясына сатылған
Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежайының ресейлік компанияға берілуінен қорқудың керегі жоқ. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өңір басшысы қаладағы әуежайдың ескі болғанын жеткізді.
2019 жылдан бері жеке компанияның қолында. Әуежайдағы халықтың ұшаққа отыруына мүмкіндік болмады. Жолаушыларды қабылдайтын орын да болған жоқ. Жүкті қабылдайтын құралдың бәрі тозған. Әуежай терминалы қазіргі талапқа сай келмейтін. Осыған байланысты ұшып-қону жолағын, әуе рейстерін ашуға мүмкіндік болмады. Жолаушылар ұшаққа отыратын кезде төменге түсетін баспалдақ керек болатын. Салдарынан мүгедек жандар, балалы аналар төменге түсе алмайтын. AQJAIYQ СПК арқылы сол кездегі компанияның басшысымен келісімшартқа отырып, 6,6 млрд теңгеге әуежай жөнделді, - деді облыс әкімі ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Нәтижесінде әуежай барлық талапқа сай болып, сағатына 400 жолаушыны қабылдайтын деңгейге жеткен. Нариман Төреғалиев әуежай акциясының 49%-ы Ресей компаниясына неге сатылғанын түсіндірді.
Бүгінде әуежай (толық) жеке компанияның меншігіне өткен жоқ. Ресей компаниясының әуежайдағы үлесі – 49%. Ол Қазақстан азаматы Дәулетхан Қилыбаевқа, 2% акциясы тағы бір Қазақстан азаматына тиесілі. Жалпы (Орал әуежай акциясының) 51%-ы бізде. Бұл басқарушы компания болып саналады. Әуежайдың ұшып-қону жолағы, терминал, бәрі мемлекеттің меншігінде. Ресей компаниясының меншігінде ұшақ бұрылатын жердегі шағын ғана учаске және перрон бар. Болды! Қалған барлық стратегиялық нысан Үкіметтің меншігінде, - деді Нариман Төреғалиев.
Оның айтуынша, қаладағы әуежайды басқаратын «Ретранс» компаниясы «Аэропорт регионов» деген холдингке қарайды.
Холдинг құрамында Ресейдегі 14 терминал бар. Ресейлік компания әуежайдың 49% үлесін (сатып) алғанда, Үкімет қаулысына сәйкес берілді. ИИДМ Азаматтық авиация комитеті барлығын тексерді. Ештеңеден қорқудың қажеті жоқ.
Компанияның (Ресейлік, – автор) жоспары бар. Оларға биыл перрон және бұрылып қону жолдарын жөндеуге тапсырма бердік. Ескі және жаңа әуежайдың арасы – жер мен көктей. Әуежай арқылы республика және шетелдік бағытта 8 ұшақ ұшып жатыр. 5 бағытты ашу жоспарланған. Ресей компаниясы тек қызмет көрсетеді. Оның құрылтайшыларына алаңдаушылық болмауы керек», - деп түйіндеді сөзін облыс әкімі.