Бұл жаңашылдық сыбайлас жемқорлық тәуекелі мен әлеуметтік шиеленістің ықтималдығын ұлғайтады
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Үкіметтің жұмысын сынға алып, жидек пен саңырауқұлақ тергендерден көп салық түспейтінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айутынша, президент Қазақстан халқына Жолдауында дамудың басым бағыттарының бірі ретінде тиімді салық саясатын іске асыруды және «Бюджетті басқарудан» «Нәтижені басқаруға» көшу жолымен бюджет саясатын реформалауды тапсырған.
«Бүгінде салықтық әкімшілендірудің жағдайы көңіл көншітпейді. Бюджетке салық пен төлемдердің дер кезінде түспеуіне атүсті қарау процесі байқалады. Біз салықтық әкімшілендіру белгіленген жоспарға қол жеткізу үшін формальды заңбұзушылықтар негізінде жазалауға бағытталғанын, бұл ретте бюджетті толтырудың нақты құралдары назардан тыс қалып жатқанын көріп отырмыз.
Мысалы, жидек пен саңырауқұлақ жинауға салынатын салықты алайық. Құдды бір, елде барлық маңызды іс пен міндет орындалып, тек саңырауқұлақ пен жидек жинауға салық салу ғана қалғандай, - деді Магеррам Магеррамов премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында.
Депутаттың пікірінше, жидек пен саңырауқұлақ жинау – маусымдық жұмыс. Жаңа салықты салу – ақылға қонымсыз.
Бұл іспен көбінесе қарттар айналысады, яғни ата-әжелер мен олардың немерелері. Әдетте олардың жасы – 6-60 жас аралығында. Сонда салық немесе айыппұл кімге салынады? Бұл фактілер жидек пен саңырауқұлаққа салынатын салықтың негізсіз екенін көрсетеді. Бұған қоса, ата-әжелерден бюджетке көп кіріс түспейді.
Сондай-ақ бұл жаңашылдық сыбайлас жемқорлық тәуекелі мен әлеуметтік шиеленістің ықтималдығын ұлғайтады. Үкімет өзекті мәселелерді талдай алмайды және тиімділігі төмен шешім қабылдайды», - деді ол.
Бүгінде әлемде зиянды тағамға салық салу тәжірибесі кең таралған.
«Соңғы 10 жылда мұндай салық Дания, Эквадор, Мысыр, Франция, Венгрия, Мексика, АҚШ және басқа мемлекеттерде енгізілді. Медициналық қызметтің дерегінше, көп жағдайда бұл шаралар халықтың денсаулығына оң әсер етті. Өйткені зиянды өнімдерді тұтыну көлемін төмендетті. Жалпы көптеген зерттеуде көрсетілгендей, «Қоғамдық денсаулықты қолдау үшін енгізілген салық» өз мақсатына жетті. Салықтың осы түрі енгізілген елдерде азық-түлік өнімін өндірушілер мен сатушылардың 70%-ы зиянды және қосымша салық салынатын компоненттерді азайтты», - деді Магеррам Магеррамов.
Депутат Үкімет жидек сияқты пайдалы тағамға емес, халықтың денсаулығына зиян келтіретін тағамға салынатын салықтың мөлшерін көтеруі керек деген ұстанымда.
Сондықтан біз зиянды өнімдерге салық салуды қарастыруды, ал табысы төмен отбасыларға пайдалы өнім сатып алатын ваучер беруді ұсынамыз. Қолданысқа ақылға қонымсыз емес, еліміз бен адамдарға пайдалы салық енгізу қажет, - деп түйіндеді сөзін ол.
Еске сала кетсек, бұған дейін елімізде жабайы өсімдік тергендердің де салық төлейтіні хабарланған еді.