Депутат халықты электр көлігіне отыруға ынталандыру керектігін айтты
Ауаның ластануынан тұрғындар зардап шегіп жатыр
Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанова Қазақстанда электромобильді пайдалануды дамытудың ұлттық тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ол депутаттық сауалын Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдады.
Дүниежүзілік банкте Қазақстанда жыл сайын ауаның ластануынан 10 мыңнан аса адам мезгілсіз қайтыс болады деген болжам бар. Бұл проблемаға байланысты экономикалық шығын жылына 10,5 млрд доллардан асады. Ірі қалалардың басым бөлігінде ауаның ластануына автомобиль көлігінің үлесі шамамен 60%-ға жететінін ескерсек, электр көлігін дамыту тиімді шаралардың бірі болып саналады, – деді Динара Шүкіжанова Мәжілістің жалпы отырысында.
Әлемде жыл сайын 10 млн-нан аса электромобиль шығарылады. Қытай электр көлігін шығаруда (шамамен 59%) әлемде көшбасшы болып отыр.
Дегенмен электромобильдер үшін инфрақұрылымды дамытуға және электромобиль иелеріне қызмет көрсету сапасына байланысты мәселелер бар. Мұны шешу үшін заң мен технология, инновацияны дамытуды, Қазақстан бойынша қуаттандыру және қызмет көрсету станцияларының инфрақұрылымын жетілдіруді, үйлерде зарядтау станцияларын орнатуды қаржылық ынталандыруды және бағдарламаларды қамтитын ұлттық тұжырымдама әзірлеу керек, - деді депутат.
Оның пікірінше, Қазақстан әрқашан жаһандық климаттық және экологиялық бастамаларды қолдайды.
«2016 жылы еліміз БҰҰ-ның Париж келісімін ратификациялады. 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын бекітті. Енді Қазақстанда электр көлігіне көшуді ынталандыру бойынша нақты шараларды әзірлеу қажет», - деді депутат.