×

Ескі тәсіл: Бас прокуратура бизнестің дамуына кімдер кедергі жасап отырғанын айтты

Кәсіпкерлер прокуратураға жиі шағымданатын болған

 Дәурен Ерболат 23.05.2023 | 16:50
Фото: Tengrinews.kz

Жергілік әкімдіктерге ақшасы бар адамдар мен инвесторлар келеді. Алайда олар ескі тәсілмен жұмыс істейді. Бұл туралы Берік Асылов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бас прокуратурада өткен форумда Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов отандық бизнесмендер жиі шағым түсіретінін атап өтті.

Мемлекеттік реттеу (саясаты) адамның өмірі мен денсаулығына, экологияға қауіп төнгенде ғана болуға тиіс. Статистикалық деректер не дейді? 2015 жылдан бастап прокуратураға түсетін шағымдар 4 есе өсті. Мысалы, 2015 жылы шағымдардың жалпы саны жылына шамамен 175 мың болса, 2022 жылғы 7 айда 70 мың шағым түскен. 2022 жылы әділет органдарына мемлекеттік мекемелердің әрекеттері мен әрекетсіздігіне 20 мыңнан аса талап арыз түсті. Түскен барлық арыздың 54%-ы – орталық атқарушы органдарға, 38%- ы – жергілікті атқарушы органдарға тиесілі, - деді омбудсмен.

Оның айутынша, бүгінде кәсіпкерлер мына мәселелерге жиі шағымданады:

  • 1. Мемлекеттік органдардың тексерісі;
  • 2. Жауапқа тарту;
  • 3. Мемлекеттік сатып алулар.

Сондай-ақ ол тексерулерге тоқталды.

«Биылдан бастап барлық тәуекелді автоматтандыруға мүмкіндік беретін жүйенің нормасы күшіне енді. Автоматтандыру болмаған жағдайда мемлекеттік органдар бақылаудағы субъектілер санының 5%-дан аспайтын мөлшерін тексеруге құқылы. Басқаша айтқанда, биылдан бастап тексерулердің 95%-ын осы цифрлық жүйе анықтауы керек. Бірақ бүгінде салалық тәуекелдерді басқару жүйесінің басым бөлігі әлі жасалып жатыр.

Сізден (Бас прокурор Берік Асыловқа, – автор) осы мәселені бақылауға алуды сұраймын. Бұл – маңызды мәселе. Себебі бәрі автоматтандырылса, біз заңсыз тексерулерге қатысты шағымдардың санын айтарлықтай азайтамыз, - деді Рустам Жүрсінов.

Уәкіл соңғы бірнеше жылда бизнеске қатысты әкімшілік өндіріс істер санының артқанын айтты.

Мысалы, 2015 жылы 253 мың, ал 2022 жылы 602 мың (іс) болды. Сандарға қарасаңыз, шошисыз. Өйткені 2022 жылы бізде бизнес субъектілерінің жалпы саны 1 млн 800 мың екенін ескерсек, онда әрбір үшінші кәсіпкер құқықбұзушы болып шығады, - деді ол.

Бас прокурор Берік Асылов Қазақстандағы бизнесті дамытуға жергілікті әкімдіктердің кедергі келтіріп отырғанын ашық айтты.

«Сіз (Рустам Жүрсінов) дұрыс атап өттіңіз, жергілікті жерлерде әкімшілік кедергілер жасалады. Бұл проблема жергілікті кәсіпкерлерде де, инвесторлар үшін де өзекті. Шын мәнінде, жергілікті жерлердегі әкімдіктер, бақылаушы органдар бизнес пен инвесторларға қолайлы жағдай жасауға тырыспайды.

Мен адамдармен бірнеше рет кездестім. Біздің кәсіпкерлер мен инвесторлар мәселе барын айтады. Уәкілетті органдар: әкімнен бастап барлық бөлімшеге дейін бұл бизнесменге қалай көмектесуге болатынына басын қатырмайды. Барлығы бюджет қаражатын тарту есебінен ескі тәсілмен жұмыс істейді, - деді Берік Асылов.

Ол әкімдіктерге ауқатты кәсіпкерлер де, инвесторлар да баратынын атап өтті. Бірақ бәрі тиісті көмекті алмайды.

Ақшасы бар адамдар аз емес. Олар жер мен инфрақұрылымды сұрайды. Жергілікті әкімдіктер оларға бермейді. Қайда барсақ та барлық жер бос емес!

Жұмысты қайта бағыттау қажет. Осыған байланысты облыс прокурорларына бизнес пен инвесторға тәулік бойы құқықтық кеңес беруді тапсырамын. Бұл – жаңа жұмыс. Соған қарамастан айтып отырмын. «Атамекен» ҰКП-мен тиімді өзара іс-қимыл керек», - деді бас прокурор.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама