×

«Банктер құлықсыз, заң осал»: Мамандар криптобиржа нарығының негізгі кедергілерін атады

Ал халықтың криптоактивтерге деген қызығушылығы өте жоғары

 Ербол Тұрымбет 20.05.2023 | 10:06
Сурет: plusworld.ru

Мамандардың айтуынша, еліміздегі криптобиржа нарығының қарқын алуына екі нәрсе қолбайлау болып тұр. Біріншіден, банктер криптоактивтермен жұмыс істеуге әлі де құлықсыз. Екіншіден, заңның осалдығы да шаруаны жандандырмай отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Әзірге Қазақстанға криптобиржа нарығында бір ғана ірі шетелдік компания – әлемдегі ең ірі Binance биржасы ғана келген. Мамандар брокерлердің әзірше Қазақстанның криптобиржасын бақылап қана отырғанын айтады.

ATAIX криптобиржасының инновациялар жөніндегі директоры Александр Коноховтың айтуынша, биржа жұмыс істеп тұрса да шетелдік ірі ойыншылар әлі көп емес, оларды саусақпен санауға болады. Негізінен онда шетелдік шағын брокерлер мен криптоқорлар ғана жұмыс істеп жатыр.

Аталған криптобиржада қазірдің өзінде 2 мыңнан астам қазақстандық криптоәмиянын ашып қойған.

Айта кетерлігі, ақпанда «Цифрлық активтер туралы» заң қабылданды. Ол туралы бұған дейін жазылған еді. Жаңа заңға сәйкес, бізде үш салық төлеуші болады: біріншісі, цифрлік майнерлердің өздері. Екіншісі – цифрлық майнингтік пул ұғымы пайда болды. Ол заңға сәйкес аккредиттелген, майнерлердің цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешенінің қуаттарын біріктіру қызметін ұсынатын, цифрлық майнерлердің бірлескен қызметінің нәтижесінде алынған цифрлық активтерді олардың арасында бөлуді жүзеге асыратын заңды тұлға.

Қарапайым тілде түсіндіретін болсақ, шағын майнерлердің бірігуін майнингтік пул деп айтады. Бұл ұғым енгізілгенге дейін оларды шетелдегі майнингтік пулдарға қосып келдік. Енді оларды Қазақстанда тіркелуге мәжбүрлейміз. Ол ең ашық механизм болып саналады. Өйткені олар арқылы қазақстандық цифрлік майнерлер өз табысын жасыра алмайды, – дейді осы заңды жасауға атсалысқандардың бірі Дәурен Қарашев.

Үшіншіден, салық түрін криптобиржалар төлейді. Ал Қазақстанда криптоактивтердің айналымына – оны сатып, сақтауға тыйым салынған. Оны тек «Астана халықаралық қаржы орталығында» ғана сатып алуға болады. 

Александр Коноховтың бұл заңды өте жақсы қадам ретінде қабылдағанымен, бәрібір оны жеткіліксіз деп санайды. Оның ойынша, өкінішке қарай, Қазақстанның заңнамалық базасы, әсіресе банктер нарықта шетелдік ойыншылардың көптеп келуіне дайын емес.

Оның айтуынша, банктер криптоактивтермен өте қиын жұмыс істейді. Іс жүзінде криптоға оң қарайтын екі-ақ банкті атауға болады. Қазақстанның әлемдік криптоактивтер нарығында маңызды ойыншы болуына өте зор мүмкіндігі бар. Алайда әзірге заңнамалық база тым кейін қалып тұр.

Банктермен күнде жұмыс істеймін. Оларда криптомен жұмыс істеуде ұйымдастыру, ақпарат жағынан үлкен қиындықтар бар екенін көріп отырмын. Олар дәстүрі қаржы құралдарымен, дәстүрлі автиктермен жұмыс істеп үйреніп қалған. Сондықтан олар бізбен жақсы қарым-қатынаста деп айта алмаймын. Керісінше, бізге банк процестеріне қолжеткізу қиын, – дейді Александр Конохов.

Маманның сөзінше, қазақстандықтар криптоактивтерге өте қатты қызығады. Оны теңгемен сатып алу мүмкіндігінің өзі Қазақстан үшін өте жақсы жетістік ретінде саналады. Тек, реттеуші орындар мен банктер биржаға осы шараны одан әрі жақсарта түсуге көмектеспей отырғанын айтады.

Бізде қазір ақша толтыру әдісінің бір ғана түрі – банк арқылы аудару әдісі істеп тұр. Ал егер соны ешқайда бармай-ақ, сол банктің картасы арқылы орындайтын болса, бұл жұмысты әлдеқайда жеңілдетер еді. Жалпы криптоактивтердің пайда болуының негізі де осы қолайлылық пен жылдамдылықта жатыр, – дейді Александр Конохов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама