×

Санкциялық тауарларды Ресейге сататын үшінші елдерге ЕО тауар жібермеуі мүмкін

Ал Қазақстан Ресейге металл, жабдық, аппарат экспортын күрт ұлғайтқан

 Ербол Тұрымбет 17.05.2023 | 08:47
Коллаж: Halyq Uni

ЕО санкциялық тауарларды Ресейге сататын үшінші елдерге тауар жібермеуі мүмкін. Әзірге Ресей арқылы транзитпен өтетін тауарларды шектеу мәселесі көтерілді. Бірақ сонымен бірге, Ресейге үшінші елдер арқылы жететін санкциялық тауарлар мәселесін де қоса қарастырып жатыр. Оны Еуропалық комиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен 15 мамырда өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Біз Еуропалық одақтан қанша кететінін, Ресей арқылы транзитпен өтіп, үшінші елдерге жететін тауарлар арасындағы сәйкессіздікті байқап отырмыз. Сондықтан (Ресей арқылы) транзитке тыйым салу туралы мәселені талқылап жатырмыз, – дейді ол.

Сонымен қатар, ЕО Ресейге қосмақсатты еуропалық тауарларды жеткізетін үшінші елдермен сауданы шектеу туралы мәселе көтеруге дайын екенін мәлімдеді.

Біз ЕО-дан тауар сатып алатын, содан кейін осы қосалқы тауарларды Ресейге беретін үшінші елдер туралы айтып отырмыз. Ресейге санкциялар мен жеткізу тәртібін бұзғаны туралы нақты дәлелдер келтірілген жағдайда осы елдерге тауарларды жеткізуге тыйым сала аламыз, – дейді Урсула фон дер Ляйен.

Ресми статистикаға қарасақ, 2022 жылы Қазақстанның ЕАЭО елдерімен арадағы сауда қатынасы едәуір артқаны байқалады. Оның ішінде көп үлесі Ресеймен арадағы саудаға тиесілі екені мәлім. Ал ондағы Қазақстанның Одақ елдеріне экспортын жеке алып қарасақ, «машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппараттар» санатына жататын экспорттың бірден екі есе өскені көрініп тұр. Мәселен, осы санат бойынша 2021 жылы елімізден 609,9 млн доллардың тауары шығарылса, соның 471,4 млн доллар көлемі Ресейге сатылған. Ал былтырғы мәліметте сол тауарлар 5 есеге жуық артып кеткен.

Тағы бір қызығы, былтырға дейін экономикалық одақ елдеріне Қазақстан экспортының басым бөлігін «химия және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдері» санатына жататын тауарлар алып келген-ді. Алайда, былтыр бұл өнімдер экспорты керісінше, 300 млн долларға кеміген.

ЕАЭО елдері бойынша жеке тауарлар экспорты

Тауар атауы

 

2021

 

2022

Оның ішінде Ресейге

2021

2022

Машиналар, жабдықтар, көлік құралдары, аспаптар мен аппараттар

$609,9 млн

$2,4 млрд

$471,4 млн

$2,1 млрд

Химия және онымен байланысты өнеркәсіп салаларының өнімдері

$1 млрд

$2 млрд

$935 млн

$1,9 млрд

Басқа тауарлар

$63,4 млн

$153,7 млн

$13 млн

$114,8 млн

Жерүсті көлік құралдары, ұшу аппараттары, жүзбелі құралдар және көлікке жататын құрылғылар мен жабдықтар

$229,5 млн

$417,5 млн

$201 млн

$356 млн

Бұған дейін бірқатар шетелдік ақпарат құралы санкциялық тауарлардың кей елдер арқылы Ресейге жетіп жатқаны туралы материал жариялаған еді. Мәселен, Bloomberg 4 наурызда сол тауарлардың Түркия, БАӘ және Қазақстан арқылы жеткізіліп жатқанын жазды. Соның ішінде Қазақстан 2022 жылы 3,7 млн долларға жартылай өткізгіш сым сатқанын келтіреді. Ал Украинадағы соғыс басталғанға дейінгі көрсеткіш жылына 12 мың доллар ғана болған.

Ал 3 мамырда Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Үкімет басшысына осы мәселеге қатысты сауал жолдады. Оның айтуынша, Қазақстаннан Ресейге электроника экспорты 22 есеге күрт ұлғайған. Ал АҚШ тарапы мұны үшінші елдерден санкцияланған өнімдерді «параллельді импорт» және жалған транзит жолымен жасырын ре-экспорттап жатыр деп күмәнданады. Яғни, Еуропадан келетін тауарлар біздің елге жетпестен, жолай түпкі тұтынушылары – ресейлік компанияларға қайта сатылады.

Алайда еліміздің Сыртқы істер министрлігі бұл күдіктің бәрін сейілтуге тырысып келеді. Мәселен, 17 сәуірде министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияр санкциялар мәселесі бойынша Қазақстан тарапы АҚШ-пен, ЕО елдерімен тұрақты кеңесіп тұратынын айтты. Оған қоса, америкалық мамандар қазақстандық компанияларға санкцияларға ұшырамау үшін кеңес беріп отырғанын да мәлімдеді.

Жуырда, 6 мамырда да осы мәселеге тағы түсініктеме беріп, Қазақстан өз аумағын санкцияны айналып өтетін алаң ретінде бергісі келмейтінін жеткізді. Оның үстіне, келісімшарттарды алдын ала зерделеп отырған мамандарымыз бар екенін, соның әтижесінде бүгінде бір де бір отандық компания екінші қайтара санкцияға ұшырамағанын дәйек қылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама