Halyq Uni логотип
×

4 айда бюджет қаржысын игере алмаған министрліктер мен әкімдіктер белгілі болды

Негізгі себептің бірі – шартты ұзақ жасау, мемлекеттік сатып алу конкурсын ұзақ өткізу

 Дәурен Ерболат 16.05.2023 | 10:27
4 айда бюджет қаржысын игере алмаған министрліктер мен әкімдіктер белгілі болды
фото: Нұрдәулет Әбікеев

Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 4 айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржының атқарылуы туралы баяндады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, биыл қаңтар-сәуірде мемлекеттік бюджетке 6,1 трлн теңге, ал республикалық бюджетке 4 трлн теңге кіріс түскен. Атқарылмаған сома – 336 млрд теңге. 

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары – 98,6%, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,0%, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,6% атқарылды.

Республикалық бюджет бойынша 7 трлн теңгеге шығыс жүргізілді. Атқарылмау – 72 млрд теңге, оның ішінде 16 млрд теңге – үнемдеу. Игерілмеген сома – 55 млрд теңге.

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму, Экология және табиғи ресурстар, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінде қалыптасты», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Игерілмеудің негізгі себебі – шарттар жасасу рәсімдерін ұзақ жүргізу, нақты көрсетілген қызмет көлеміне төлем жүргізу, мемлекеттік сатып алу конкурстарының ұзақ өткізілуі, орындалған жұмыстардың актілері мен шот-фактуралардың уақтылы ұсынылмауы және тағы басқа.

4 айда жергілікті бюджеттердің шығыстары – 3,3 трлн теңге, атқарылмаған сома – 47 млрд теңге. 

Биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 мамырға 473 млрд теңге бөлінді. Оның 97%-ы игерілген. Игерілмегені – 14 млрд теңге.

Ең көп игерілмеу Астана және Алматы қалалары, Атырау және Түркістан облыстарында қалыптасты», - деді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама