Жастар мамандығын дұрыс таңдамай, экономика зардап шегіп жатыр – депутат
Мектепте кәсіптік бағдар беру жүйелі түрде жүргізілуге тиіс
Мәжіліс депутаты Динара Наумова премьер-министрге сауал жолдап, жастарға дұрыс мамандық таңдауға көмектесу керектігін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, университет бітірген жас мамандардың 40%-дан астамы мамандықтар бойынша жұмыс істемейді. Бұл Қазақстан экономикасына салдарын тигізіп жатыр.
Болашақ мамандығын саналы түрде таңдау – жастардың өмірлік стратегиясын айқындайтын маңызды шешімдердің бірі. Оқушыларға мамандықтың жақсы қырын көрсетіп, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру өздеріне байланысты екенін түсіндіру керек, - деді Динара Наумова Мәжілістің жалпы отырысында.
Ол жастарға сапалы кәсіптік бағдар беру маңызды деген пікірде.
Бүгінде бұл бағытта мүдделі басқармалар, құрылымдық бөлімшелер, компаниялар ғана өз көзқарасына сүйеніп, жұмыс істеп жатыр. Бірыңғай жүйелі стратегия жоқ, - деді депутат.
Осыған байланысты Динара Наумова білім беру жүйесінде реформа жүргізуді ұсынды:
- Оқушыларға кәсіптік бағдар беру бағытында заңнамалық түрде жұмыс жүргізу;
- Бірыңғай ұлттық кәсіптік бағдар беру орталығын құру;
- Кәсіптік бағдар беруге еңбек нарығының барлық өкілін тарту мүмкіндігін қарастыру;
- Экономикалық талдау мен болжауды, сондай-ақ жүйелі бақылауды толық қамтамасыз ету.