×

1 трлн теңге: биыл отандық өндірісті қаржыландыру ұлғайтылады

Бүгінде 200 млрд теңгеден аса сомаға жобалар мақұлданды

 Динара Амантай 11.05.2023 | 17:56
Фото: t.me/KZgovernment

Биыл өңдеуші өнеркәсіпті, оның ішінде өндірісті қаржыландыруды 1 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайылов Қазақстан машина жасаушыларының XI форумында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл өңдеуші өнеркәсіптегі, оның ішінде өндірісті жаңғырту бойынша инвестициялық жобаларды жеңілдікпен қаржыландыруға Қазақстан Даму Банкі мен Өнеркәсіпті дамыту қоры желісі бойынша біз 500 млрд теңге қарастырдық. Бүгінде 200 млрд теңгеден астам сомаға жобалар мақұлданды. Біз биыл бұл қаржыландыруды 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, бұл қазіргі жағдайда айтарлықтай қолдау болмақ, — деді Әлихан Смайылов.

«Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында бүгінде пайыздық мөлшерлемелер субсидияланып, банк несиелері бойынша кепілдіктер беріліп отыр. Сонымен қатар мемлекеттік қолдаулар шеңберінде инфрақұрылым құрылысына қаржы бөлінді.

 «Биыл біз өңдеуші өнеркәсіпте жалпы құны шамамен 520 млрд теңге болатын 12 мыңнан астам шағын және орта бизнес жобасын субсидиялауды жоспарлап отырмыз. 400 млрд теңгеге тағы 12 мыңға жуық жобаға кепілдік беру жоспарланып отыр», — деді премьер-министр.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасында шағын машина жасау компаниялары үшін «Өндіріс» бағдарламасын бөліп алып қарау мәселесі қосымша пысықталып жатыр. Аталған бағдарлама компанияларға өз инвестицияларына және өндірісті жаңғыртуға қаражат алуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бюджет қаражаты есебінен шағын бизнеске дайын өндіріс орындары ұсынылып, жұмысты бастау үшін шағын өнеркәсіп аймақтарының құрылысы қаржыландырылатын болады. Бұл бағдарламаны біз барлық өңірде жүргіземіз, — деді Әлихан Смайылов.

Бұдан басқа қазір республикада өнеркәсіптік құрастыру туралы келісім қолданылады, оған сәйкес ауыл шаруашылығы техникасы мен автомобильдер өндірушілері кедендік баждан және ҚҚС-тан босатылады. Үкімет бұл шараны тұрмыстық техника өндірушілеріне 5 жыл мерзімге кеңейту мәселесін пысықталып жатыр. Сонымен қатар Қазақстанда цифрлық технологияларды енгізуге, бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алуға және өндірісті жаңғырту үшін шетелдік мамандарды тартуға жұмсалған шығындар 40%-ға дейін өтеледі. Қазір жаңа Машина жасауды дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу аяқталды. Оның аясында машина жасауды қоса алғанда, өңдеуші өнеркәсіпті қолдаудың бірқатар нақты шарасы қарастырылған. Мысалы, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға шегерілетін шығындарды 1,5 есе ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл кәсіпорындарды инновацияны әзірлеп, оны енгізуге қаражат салуға ынталандырмақ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама