Былтыр корпоративтік сектор Ресей компанияларына едәуір қарызданған
Былтырғы төлем балансы шотының жай-күйіне талдау жасаған Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы ел экономикасында жүйелі проблемалар бар деген байламға келді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оған мынадай мысалдар келтіреді. Мәселен, экспорт көлемінің бір жылда 66,8%-ға артуы сыртқы қарыздың төлем балансын профицитке шығарған. Алайда ол мұнай бағасының өсуінен болып отыр. Демек, Қазақстан әлемдік шикізат нарығындағы бағаның өзгерісіне қарайлайтын осалдығы бар.
Түсімнің артуы да зор қуаныш емес. Өйткені, импорттың ұлғаюы төлем балансын қысқартып келеді. Мысалы, былтыр төртінші тоқсанда реинвестицияланатын кірістердің қысқаруының нәтижесінде ғана төлем балансы оң мәнде сақталған.
Тағы бір айта кетерлігі, шетелдік инвесторлар капиталын (дивидендтерін) Қазақстандағы еншілес компанияларын одан әрі дамытуға жұмсамай, елден әкетуге ұмтылып жатыр.
Сонымен қатар, Қауымдастықтың мәлімдеуінше, былтырғы сыртқы қарыз төмендегенімен, ол негізінен, мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор еурооблигацияларының арзандауынан болған.
Ал банктердің және басқа секторлардың міндеттемелері қысқамерзімді берешектер есебінен ұлғайып отыр. Яғни, ЕДБ-дағы резидент емес тұлғалардың қаражаты мен банктердің өз несие берешегін айтып отырмыз. Ол қаражаттар қысқамерзімді болғандықтан, резервтік активтердің өсімі де мардымсыз болған. Сайып келгенде, осы жағдайлар 2022 жылы «Гринспен-Гвидотти» критерийінің 95,7%-дан 80%-ға дейін нашарлауына әкелген. Сондықтан алдағы 12 айда қосымша сыртқы қаржыландыру көзі болмаса, қазіргі қолда бар резервтік активтеріміз сыртқы борышты өтей алмайды деген сөз.
Сондай-ақ, 2022 жылы еліміздің корпоративтік секторы Ресей компанияларынан едәуір қарыз алған. Оның үстіне, Ресейге несие берешегіміз де біраз өскен. Сондықтан, бір жағынан, қайталама санкциялар қаупін ерекше абайлау керек. Екінші жағынан, санкцияға түспеген жеке және заңды тұлғалармен ғана сауда және қаржылық операция жасауды қамтамасыз ету керек екенін еске салып отыр.