Қазақстан Жапониямен экономикалық байланысты нығайтуға ниетті
Қос ел арасындағы сауда бір жылда 71,3%-ға өскен
Астанада Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Джун Ямадамен кездесті, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Қос тарап экономикалық ынтымақтастықты, оның ішінде сауда-экономикалық байланысты нығайту, өндіріс пен энергия үнемдейтін технологияны бірлесіп дамыту үшін Қазақстанға жапондық кәсіпорындарды тарту мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ кездесу барысында білім беру және туризмді дамыту туралы сөз қозғалды.
Жапония – Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктестерінің бірі. Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы жыл сайын оң динамика көрсетіп келеді, - деді Әлібек Қуантыров.
Джун Ямада Жапония Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін растады.
Қос елдің географиялық жағынан алшақ орналасқанына қарамастан екі мемлекеттің экономикалық ынтымақтастығы ұзақ мерзімді және өзара тиімді сипатқа ие, - деді елші.
Айта кетейік, былтыр Қазақстан мен Жапония 1,9 млрд долларға сауда жасаған. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 71,3%-ға көп.