Атыраудағы дүкендерде нан қымбаттап кетті

Еркеғали Болатұлы

Себебі бірінші сортты ұнның құны көтеріліп отыр

фото: ашық дереккөз

Атырау супермаркеттерінің мамандандырылған бөлімдерінде нан бірден 10 теңгеге қымбаттады. Бұл туралы «Мой город» хабарлады.

Сонымен, қалада бұрын ақ нанның құны 81 теңге болса, қазір 91 теңгеге дейін көтерілген.

«Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының баспасөз қызметі әлеуметтік нанның күрт қымбаттауына не себеп болғанын мәлімдеді.

«Желаевский КХП» ЖШС ұн тарту кәсіпорны бірінші сұрыпты ұнның бағасын 1 келісі үшін 155 теңгеден 165 теңгеге дейін көтерді. Сондай-ақ «КАРАТ» ЖШС ұнның құнын бір келісі үшін 145 теңгеден 155 теңгеге дейін көтерді. Себебі электр энергиясының, коммуналдық қызметтердің, жанар-жағармайдың құны өсті, жұмысшылардың жалақысы көтерілді, – деді «Атырау» ӘКК баспасөз қызметі.

Соған қарамастан, өңірдің тұрақтандыру қорындағы бөлімдерде нанның құны басқа дүкендердегі орташа бағадан төмен.