Halyq Uni логотип
×

Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны артады

Үкіметтің алдында 2025 жылға қарай экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 40%-ға дейін жеткізу міндеті тұр

 Динара Амантай 06.05.2023 | 16:21
Шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны артады
Фото: t.me/KZgovernment

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен мемлекет басшысының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штабта 2029 жылға қарай шағын және орта бизнесте (ШОБ) жұмыспен қамтылғандар санын 4,7 млн адамға дейін жеткізу шаралары қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

2022 жылдың қорытындысы бойынша отандық бизнес барлық негізгі көрсеткіш бойынша оң өсу серпінін көрсетті: экономикадағы ШОБ үлесі 36%-ға (+2,5%); жұмыс істеп тұрған нысандар саны 1,8 млн-ға (+ 22%); ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны 4,1 млн адамға (+16%). Облыстар бойынша 2022 жылдың 4 тоқсанының қорытындысына сәйкес ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар саны Алматы (26%), Астана (15%) қалаларында, Түркістан облысында және Шымкентте (16%), Қызылорда облысында (14%) ең жоғары өсім көрсеткен. Ал ШОБ-та жұмыспен қамтылғандар санының өсуі бойынша ең төменгі көрсеткіш Павлодар (0,3%), Солтүстік Қазақстан (1%) және Қостанай (2,6%) облыстарында тіркелді.

Бизнесті мемлекеттік қаржылай қолдау құралдары аясында өткен жылы жалпы сомасы 990 млрд теңгеден асатын несиеге 24,5 мың жоба субсидияланды, ал төленген субсидиялар сомасы 181 млрд теңгеден асты. Бұдан басқа шағын және микрокәсіпкерлік нысандарына жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 3 млрд теңгеден астам сомаға 834 грант берілді. 41 жобаны іске асыру үшін қажетті инфрақұрылымды жүргізуге 18,3 млрд теңге бөлінді. Мемлекет басшысының қалалар мен аудандарда тұратын әрбір 10 мың адамға 100 жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырманың орындалуы туралы:

- жыл басынан бері 86 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылған.

- Республика бойынша көрсеткіштің орындалуы 25%-дан асады.

- Ең жоғары көрсеткіштер республикалық маңызы бар қалаларда, Түркістан және Алматы облыстарында тіркеліп отыр. Қалған өңірлерде жұмыс жоспар бойынша жүріп жатыр.

Премьер-министр Үкіметтің алдында 2025 жылға қарай экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесін 40%-ға дейін жеткізу міндеті тұрғанын атап өтті.

Бұл экономика дамуын тұрақты етуге және халықтың табысын арттыруға елеулі үлес қосады. Бүгінде өсу қарқыны республика бойынша 16% болса, кейбір аймақтарда көрсеткіш – тек 1-3% деңгейінде. Бұл мәселеге баса назар аудару керек. Жалпы көптеген дамыған мемлекетте экономикаға негізгі үлес қосушы шағын және орта бизнес болып келеді. Біз осыған ұмтылып, бұл орайда тиісті шараларды қабылдауымыз керек, — деді Әлихан Смайылов.

Атап айтқанда, азаматтардың өз ісін ашу және дамыту жөніндегі бастамаларын белсенді түрде қолдау қажет. Бұл ретте барлық аудан мен қала әкімдері жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу туралы нысаналы индикаторларға қол жеткізуі керек. Тағы бір стратегиялық міндет – экономика қажеттіліктерін өтеу үшін кадрлар даярлау. Осыған байланысты жалпы экономиканың, атап айтқанда бизнестің нақты қажеттілігіне бағытталған білім беру жүйесін жетілдіру қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама