Үкімет басшысы тиісті қаулыға қол қойды
Ақтау мен қалаға жақын маңдағы ауыл тұрғындарын жылу және газбен қамтамасыз етуге Үкімет резервінен 3,7 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.
Үкімет «Жаңаөзен – Ақтау» газ құбырынан автоматтандырылған газ тарату стансасы орнатылатын магистральдық газ құбыры құрылысын аяқтау үшін резервтен 3 млрд 695 млн 925 мың теңге бөледі.
Бүгінде Ақтаудың солтүстік бөлігі қарқынды дамып келеді. Онда көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысы жүріп жатыр. Биыл қаланың кеңейіп келе жатқан бөлігін жылумен қамтамасыз ету үшін бірқатар блок-модульді қазандықты орнату және 2 жаңа қазандық салу жоспарланған. Жаңа қуат көзі газбен жұмыс істейді. Осыған байланысты тиісті инфрақұрылымды кеңейту қажет, - деп жазылған хабарламада.
Жалпы ұзындығы 52 шақырым болатын жаңа газ құбыры Ақтау қаласының жаңа шағын аудандары, Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе, Дәулет, Баянды ауылдары, сондай-ақ Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов ауылдарының 150 мыңға жуық тұрғынын жылумен және тауарлық газбен қамтамасыз етеді.
Жоба құрылысы Каспий энергетикалық хабының сыртқы инфрақұрылымын дамыту аясында жүргізіліп жатыр.