Ол іскер әйелдердің санын арттыруды көздейді
Астанада әйел басшыларды дайындайтын «Гендерлік теңдік» бағдарламасы аяқталды, деп хабарлады ұлттық комиссияның баспасөз қызметі.
Аталған бағдарламаны «Самұрық-Қазына» АҚ мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен құрған. Мақсат – квазимемлекеттік сектордағы компанияларда әйелдердің үлесін арттыру.
Ұлттық комиссия белгілі бір саланың дамуына және қоғамның өзекті мәселелерін шешуге үлес қосатын өте белсенді және перспективалы әйелдерден тұрады, - деді Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балабаева.
Оның айтуынша, бүгінде әйелдердің белсенділігі жоғары.
Сіздерде қоғамда әйелдердің жағдайын жақсартуға ықпал ететін идеяларыңыз, бастамаларыңыз, жобаларыңыз бар екеніне сенімдімін. Менің ойымша, әртүрлі компанияларда іскер әйелдердің үлесін арттыруды көздейтін бүгінгі жобамыз бірегей болып саналады», - деді Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы.
«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов компанияда көшбасшы әйелдердің көбейіп жатқанын атап өтті.
Бізде шешім қабылдау деңгейінде жұмыс істеуге дайын әйелдер пулы бар. Көшбасшыларды даярлау тәжірибеміз Қазақстанға пайдалы болатынына сенімдімін, тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.
Бүгінде «Самұрық-Қазына» тобында 259,5 мың адам жұмыс істейді. Оның 72 мыңы – әйелдер. 8,5 мыңға жуығы бөлім басшысы лауазымынан бастап, басшылық лауазымға дейінгі қызметте. Бұл – жалпы басшылар санының шамамен үштен бір бөлігі. Дегенмен жоғары басшылықта (басқармалар, директорлар кеңестері, байқау кеңестерінде) әйелдердің үлесі – 15%», - деді ол.
Басқарма төрағасы бұл көрсеткішті 2023 жылы 20%-ға дейін, ал 2030 жылы 30%-ға дейін арттыру жоспарланғанын жеткізді.
Осыған байланысты әйелдер көшбасшылығы дағдыларын қалыптастыру, әйел көшбасшыларды ынталандыру және ілгерілету, гендерлік теңдік басымдықтарына қол жеткізу жөніндегі ортаны дамыту үшін жағдай жасалып жатыр. Осы міндеттерді іске асырудың тиімді құралдарының бірі – «Гендерлік теңдік» бағдарламасы, - деді Нұрлан Жақыпов.
Бүгінде бағдарлама аясында 71 әйел арнайы курсты аяқтап, сертификат алған, тағы 10 қатысушы мемлекеттік компаниялардың басқару органдарына қабылданған.