Жер учаскелерінің не үшін пайдаланылғаны анықталды
«Атырау» ӘКК жер телімдерін заң бұзушылықтармен таратқан.
Атырау облысы бойынша монополияға қарсы орган объектілерді салуға жер учаскелерін берген «Атырау» ӘКК акционерлік қоғамының қызметінде заң бұзу белгілерін анықтады, – дейді бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі.
Үкіметтің «Инвестицияларды мемлекеттік қолдауды іске асырудың кейбір мәселелері туралы» қаулысына сәйкес, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қызметтің басым түрлерінің тізбесі бекітілді. «Атырау» ӘКК-нің инвестициялық әрі инновациялық жобалар болып саналмайтын, үкімет тізбесіне сәйкес келмейтін тұрғын үйлер, моншалар, автожуу мен тағы басқаларды салу үшін жер телімдерін бергені анықталды.
«Осыған байланысты, 2022 жылғы 17 наурызда «Атырау» ӘКК атына күнтізбелік 30 күн ішінде орындалуға жататын әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) Қазақстанның бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу белгілерінің бар екені жайлы хабарлама жіберілді. Аталған хабарлама орындалмаған жағдайда монополияға қарсы орган тергеп-тексеру тағайындайды», – делінген ақпаратта.