Қазақстан, Тәжікстан кәсіпкерлері 2 млрд доллардың келісіміне қол қояды
Тәжік елінен көбіне жеміс-жидек сатып алып отырмыз
Қазақстан мен Тәжікстанның кәсіпкерлері 2 млрд доллардың келісіміне қол қояды. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Бизнес форумда белгілі болды.
Qazaqstan телеарнасының хабарлауынша, қазір Қазақстанда екі ел кәсіпкерлерінің бірлесіп ашқан 400-ден аса кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Ал серіктес елде қазақстандық бизнес өкілдері 100-ден аса кәсіпорын ашқан. Екі ел арасындағы алыс-беріс те аз емес. Мемлекет басшылары тауар айналымын жылына 1 млрд долларға жеткізу туралы тапсырма берген. Қазірдің өзінде ол көрсеткіш 1 млрд 400 миллионнан асты. Ал бүгінгі келісімдерден кейін сауда-саттық көлемі тіпті күшеймек.
Қазақстан экспортының көлемі 877 млн долларға жетті. Тәжікстанның импорты – 501 млн доллар. Бірақ, әрине, потенциал әлі көп. Бүгінгі бизнес форумда тек қазіргі қол қойған келісімдердің көлемі 1,3 млрд долларға жетті. Бүгін екінші бөлімінде тағы да қол қойылады, - деді Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Байланыс барлық салада жақсы дамыған. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін көп экспорттаймыз. Ал тәжік елінен көбіне жеміс-жидек сатып алып отырмыз. Қазір Қазақстан Тәжікстанның сыртқы сауда серіктестері арасында экспорт-импорт операциялары бойынша екінші орында тұр.
Жаһандық сын-қатерлер мен тәуекелдердің жағдайында ынтымақтастық салаларын кеңейту бәріміз үшін маңызды басымдыққа айналып келеді, - деді форум қатысушылары.
Ал Тәжікстан премьер-министрінің орынбасары Сулаймон Зиёзоданың айтуынша, бүгінде Тәжікстанда экономикаға инвестиция тарту үшін барлық жағдай жасалған.
«Банк және экономиканың нақты секторларын қолдауға назар аударылып отыр. Кәсіпкерлік қызметпен байланысты рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған тиісті саясатты реформалау үдерісі ескерілген. Сондықтан бүгінгі форум екі ел үшін де тиімді болмақ», - деді ол.