Ондағы халықтың саны – 1,4 млн
Елімізде тозығы жеткен қалалар бар. Оларды дамыту жоспары бекітілмеген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қазақстанда 27 моноқала бар. Оларда 1,4 млн адам тұрады. Көбісінде шешілмеген проблемалар аз емес. Әсіресе жаппай көшіп кету, халық санының азаюы, жұмыссыздық, инженерлік-көлік инфрақұрылымның тозуы және әлеуметтік инфрақұрылымның жетіспеушілігі мен төмен материалдық-техникалық қамтылу байқалады, - деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.
Сондай-ақ депутат Екібастұз, Кентау және Арқалық қалаларында су желілері, кәріз, жылу және электрмен жабдықтау жүйелердің тозу мөлшері 85%-дан асқанын атап өтті.
Арқалықта жолдардың 80%-дан астамы қанағаттанарылықсыз жағдайда. Ал бала өлімінің көрсеткіші 2022 жылы алдындағы жылмен салыстырғанда 40% артқан. Оның негізгі себептері – медицина кадрларының тапшылығы мен денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасы деңгейінің төмендігі. Салдарынан халықтың 50%-дан астамы басқа өңірлерге көшіп кетуге мәжбүр болды, - деді депутат.
Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі мен әкімдіктер Алтай, Балқаш, Жаңатас, Қаратау, Лисаковск, Риддер, Серебрянск, Степногорск және Арқалық сияқты 10 қаланы әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеген.
Алайда осы күнге дейін бұл жоспарларды Үкімет бекіткен жоқ. Яғни 2023 жылдан бастап іске асырылуға тиіс кешенді жоспарлар әлі орындалмай жатыр. Бұл мәселе AMANAT партиясының сайлауалды үгіт-насихат жұмысында моноқалалардың жұртшылығымен болған кездесулерде аз көтерілген жоқ, - деді Берік Бейсенғалиев.
Оның пікірінше, Үкімет кешенді жоспардың бекітілуін жеделдетіп, оны іске асыруға кірісу қажет.