Halyq Uni логотип
×

Мұнай тұрақты арзандап келеді. Доллар қымбаттай ма

Сарапшы теңге бағамын ұстап тұрған үш тетікті атады

 Ербол Тұрымбет 03.05.2023 | 17:13
Мұнай тұрақты арзандап келеді. Доллар қымбаттай ма

Соңғы бір ай ішінде сәуірдің 12-сінде теңге бағамы 444 теңгеге дейін нығайған еді. Өйткені нақ сол күні қара алтын бағасы 87 доллардан асып түскен. Ал қазір әлемдік мұнай бағасы бірнеше күннен бері тұрақты арзандап келеді. Соңғы бір күнде 79 доллардан 73,3 долларға бір-ақ құлдырады. Ал доллар бағамы да алдыңғы демалыс күндері 457 теңгеге дейін барған-ды. Соңғы күндері 453 теңгеге бағаланып тұр. Ал мұнайдың тұрақты арзандауы қалай әсер етуі мүмкін?

Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, валюталық түсімдеріміздің 60-65%-ы мұнайдың экспортынан келеді. Сондықтан мұнай бағасының құбылуы теңге бағамына әсер етері сөзсіз.

Бірақ оны ұстап тұратын екі нәрсе бар. Біріншісі, ұлттық қордағы валюталық қаржыларымыз. Ұлттық қордың 95%-ы шетелдік валюталарда тұр. Сонымен бірге, Ұлттық банктің алтын-валюта резерві бар, оны да қолдануы мүмкін. Оған қоса, осы пандемия кезінде үшінші бір қолдау көзі ашылды. Квазимемлекеттік кәсіпорындардың валюталық түсімдерінің 50%-ын мәжбүрлеп сату. Осы үшеуі әзірге теңгеміздің тұрақты болуына кепілдік береді, – дейді сарапшы.

Бірақ ұзақ мерзімде мұнай бағасы арзандай берсе, валюталық түсімдер де азаяды. Сосын валютаға сұраныс көбейеді де доллар бағамы бүгінде 455 болса, 460-470-ке дейін жетуі мүмкін екенін де ескертеді.

Дегенмен, экономистің сөзінше, әзірге мұнай экспортында қиыншылық жоқ. Себебі біздегі мұнайдың көп бөлігін, шамамен 75%-ын шетелдік инвесторлар алып шығарады. Соның ішінде «Лукойл», «Газпром» секілді Ресейдің де инвесторлары бар. Сондықтан олар Қазақстандағы бірлескен кәсіпорындарының, салған инвестицияларының жақсы жұмыс істегегіне мүдделі.

Одан бөлек, Каспий құбыры концорциумында да Ресейдің 28% үлесі бар. Табыссыз отырмас үшін Новороссийскіге баратын құбырды да істете береді.

Оған қосымша Беларусь, Польша арқылы Германияға баратын «Дружба» құбыры бар. Еуропа қазір Ресей мұнайынан арылуға тырысып жатыр. Ал Германия біздің мұнайды қабылдамақшы.

Біз сол Беларусь пен Польшадан өтетін құбырды пайдаланбақшымыз. Оған рұқсат беріліп жатыр, санкция қаупі жоқ. Енді басқа да жолдарымен әрекет жасап жатырмыз. Мысалы, 10%-ға дейін Қытайға қарай кететін құбырымыз бар. Тағы Кавказ құбырлары арқылы да мұнайымыздың 4-5%-ын шығаруды көздейміз. Сөйтіп әр түрлі жолдарын тауып көрмекшіміз. Сондықтан Ресеймен Еуразиялық экономикалық одақ ішінде болғаннан кейін олар бізге анау айтқандай кедергі жасамайды, – дейді Сапарбай Жобаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама