Қытаймен визасыз режим: СІМ қазақстандықтарды келісімге түсінікпен қарауға шақырды
Биыл мамырда келісімге қол қойылады
Қытаймен визасыз режимге қарсы айтылған пікірлер орынсыз. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Біріншіден, соңғы кездері қоғамда Қытай мен Қазақстан арасындағы визасыз режимге қарсы пікірлер айтылып жатыр. Ол – орынсыз. Себебі келісімге қол қойылмады. Оған қол қойылса ғана күшіне енеді. Екіншіден, былтыр жаздан бері Қытай азаматтары Қазақстанға 14 күнге визасыз келе алады. Қазақстан көшелерінде қытайлар көп жүрген жоқ. Енді 14 күнге келетін азаматтар 30 күнге келе алады, - деді Айбек Смадияров СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Оның пікірінше, қос ел арасындағы келісім Қазақстанға тиімді.
«Егер келісімге қол қойылса, Қазақстан азаматы Қытайға 30 күнге визасыз бара алады. Осы уақытта тек туристік немесе іскерлік мақсатпен баруға болады. Визасыз келген адам (Қазақстан немесе Қытай азаматы) жұмыс істей алмайды. Егер адам 30 күннен аса елде болса, ол міндетті түрде жазаланады...
Сондай-ақ жүк көлігін жүргізушілері де визасыз кіре алады. Бұл біраз мәселені шешеді. Қос ел арасындағы сауда-саттық өсіп, өңіраралық ынтымақтастық нығаяды, экономикамызға әсер етеді... Қытай – алпауыт экономикасы бар мемлекет. Қазақстан – Орталық Азияда Қытаймен визасыз режим орнатқан жалғыз мемлекет. Мұны біз дипломатиялық жеңіс деп есептейміз, - деді ресми өкіл.
Сөз соңында Айбек Смадияров мамырда келісімге қол қойылатынын атап өтті.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанның Қытайдағы елшісі де визасыз режимге қатысты пікір білдірген еді.