×

Хабарлама негізінде тіркеледі: Қазақстанда цифрлық майнингпен айналысу оңай ма?

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап цифрлық майнингке салық салына бастады

 Айнұр Шошаева 02.05.2023 | 17:38
Фото: cnbc.com

Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі цифрлық майнинге қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Министрліктің мәліметінше, 2020 жылдан бастап Қазақстан жаңа индустриядағы әлемдік көшбасшылардың бірі – криптовалюталардың (активтердің) цифрлық майнингі. Кембридж орталығының деректеріне сәйкес, Қазақстан 2021 жылы жалпы көлемде 18,1% үлесімен Bitcoin криптовалюта майнингі бойынша АҚШ-тан кейін (35,4%) екінші орын алды.

«Сонымен қатар, таяудағы 10-15 жылда цифрлық активтер индустриясын дамыту бүкіл әлемдік қаржы инфрақұрылымын өзгертеді және жаһандық экономиканы дамытудың локомотивтерінің бірі болады», – делінген министрліктің сайтындағы ақпаратта. 

Үш жыл бұрын қолданыстағы заңға цифрлық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, онда еліміздегі криптоиндустрияны заңнамалық реттеудің негізі қаланды. Себебі онда цифрлық майнинг заңды кәсіпкерлік қызмет ретінде танылып, цифрлық активтер мен блокчейн ұғымдары анықталды.

Айта кетейік, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда цифрлық майнингке салық салына бастады. Оның ставкасы –  цифрлық майнинг кезінде тұтынылатын электр энергиясының 1 киловатт-сағатына 1 теңге болып бекітілді.

Сондай-ақ бүгінде  ЦДИАӨМ «Цифрлық майнингті жүзеге асыру жөніндегі қызмет туралы ақпарат беру қағидалары бекіту туралы қағидатына сәйкес, цифрлық майнинг бойынша қызмет хабарлама тәртібінде тіркеледі. Қызметті жүзеге асыруды жоспарлау және тоқтату туралы хабарлама, сондай-ақ тоқсан сайынғы есеп хабарлама тәртібінде «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер қоры» АЖ арқылы https://elicense.kz/ тіркеледі. Ал майнингке арналған жабдыққа қызмет көрсету және жөндеу бойынша қызметті жүргізетін компаниялар цифрлық майнингті жүзеге асыратын тұлғалар емес. Яғни бұл ретте оларға тіркеудің және/немесе уәкілетті органға хабарлаудың қажеті жоқ.

Тағы бір ескеретін жайт – дата орталықтар мен майнинг фермаларының айырмашылығын ажырата білу керек. Мәселен, дәстүрлі деректер орталығының функционалды мақсаты – деректерді өңдеу және сақтау. Ал майнинг фермаларының қызметі қамтамасыз етілмеген сандық активтерді (криптовалюта) өндіруге бағытталған. Қазіргі уақытта дата-орталық және майнинг фермасы ұғымдарының шоғырлануы қолданыстағы заңнамада көрсетілмеген. «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» заң жобасы шеңберінде майнинг ферма ұғымын қабылдау жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама