Halyq Uni логотип
×

Жазда 20-ға жуық америкалық компания Қазақстанға келуді жоспарлап отыр

Былтыр америкалық инвестиция екі есеге жуық өсіп, $5,1 млрд асты

 Динара Амантай 29.04.2023 | 11:37
Жазда 20-ға жуық америкалық компания Қазақстанға келуді жоспарлап отыр
Фото: primeminister.kz

Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен АҚШ елшісі Дэниел Розенблюм Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

 Қазақстан АҚШ-ты екіжақты және көпжақты форматтағы стратегиялық серіктесі санайды. Бүгінде ҚР-да 900-ден астам бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істейді.

Біз Америка Құрама Штаттарымен бұған дейінгі тиімді ынтымақтастығымызды күн тәртібіндегі кең ауқымды өзара іс-қимыл бойынша одан әрі тереңдетуге және нығайтуға ниеттіміз, — деді Әлихан Смайылов.

Былтыр елдер арасындағы тауар айналымы шамамен 40% өсіп, $3,1 млрд болды. Осы ретте Қазақстан сауда көлемін одан әрі арттыруға әлеуетті және құны $800 млн болатын 90 тауар түрінің экспортын арттыруға дайын. АҚШ – Қазақстанға тікелей инвестиция тарту бойынша көшбасшы елдердің бірі. Былтыр америкалық инвестиция екі есеге жуық өсіп, $5,1 млрд асты. Бұл – пандемияға дейінгі рекордтық деңгейге тең көрсеткіш.

Өз кезегінде, Дэниел Розенблюм Қазақстан-Америка қарым-қатынастарын ортақ мүдде негізінде одан әрі дамытуға зор әлеует бар екенін атап өтті.

Біз инвестициялық көрсеткіштерді нығайтып, екіжақты тауар айналымын арттырғымыз келеді. АҚШ компаниялары Қазақстанда түрлі салалардағы қызмет ауқымын кеңейтуге мүдделі. Бұл тау-кен металлургия кешені, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау саласы, ақпараттық-коммуникация және жасыл технологияларға, сондай-ақ көлік саласына қатысты, — деді Дэниел Розенблюм.

Сондай-ақ ол биылғы жазда түрлі секторда қызмет ететін 20-ға жуық америкалық компания іскерлік мақсатта Қазақстанға келуді жоспарлап отырғанын айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың өзара тиімді барлық бағыты бойынша байланысты белсенді түрде жалғастыруға дайын екендіктерін растады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама